Абай облысында жарты жылда еңбек заңнамасы 258 рет бұзылған

Абай облысында еңбек заңнамасының сақталуын бақылау және қызметкерлердің құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыс жалғасып жатыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Абай облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Ниетқабылов мәлімдеді.
Жыл басынан бері департаментке еңбек қатынастарына қатысты 682 өтініш түскен. Оның басым бөлігі жалақының уақытылы төленбеуі, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақы төлеу және жұмыстан заңсыз шығару мәселелеріне байланысты.
Осы кезеңде 68 тексеру жүргізіліп, еңбек заңнамасын бұзудың 258 дерегі анықталды. Нәтижесінде 62 ұйғарым шығарылып, жауапты тұлғаларға жалпы сомасы 7,2 миллион теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
– Басты міндетіміз – азаматтардың еңбек құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету және қауіпсіз еңбек жағдайын қалыптастыру. Біз тексеру жүргізіп қана қоймай, еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізіп, жұмыс берушілер мен қызметкерлерге заң талаптарын тұрақты түрде түсіндіреміз, – деді Ерлан Ниетқабылов.
Брифингте еңбек қатынастарын заңдастыру және өндірістегі жазатайым оқиғалардың тәуекелін азайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар да сөз болды. Өңірдегі 722-ден астам кәсіпорында ұжымдық шарттар цифрлық форматқа көшірілген.
Департамент өкілдерінің айтуынша, алдағы уақытта да еңбек заңнамасын түсіндіруге арналған семинарлар мен кездесулер жалғасады.



