Абай облысыЗаң мен тәртіпТОП

«Заң керуені» жобасы Абай облысының бірнеше ауданын қамтыды

Абай облысында тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Заң керуені» жобасы өз жұмысын жалғастыруда. Абай облысының ішкі саясат басқармасы жүзеге асырып отырған бастама аясында ақпараттық-түсіндіру тобы Жарма, Аягөз, Көкпекті және Ақсуат аудандарының елді мекендерінде болып, тұрғындармен кездесулер өткізді.

Жоба барысында құқық қорғау органдарының, мемлекеттік мекемелер мен салалық қызметтердің өкілдері халықпен ашық форматта кездесіп, құқықтық мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, мамандардан нақты жауаптар мен құқықтық кеңестер алды.

Жарма ауданында кездесулер Шар қаласы мен Қалбатау ауылында өтсе, Аягөз ауданында ақпараттық топ Аягөз қаласы мен Майлин ауылының тұрғындарымен жүздесті. Кездесулерге әлеуметтік сала қызметкерлері, құқық қорғау органдарының өкілдері және жергілікті тұрғындар қатысты.

Сондай-ақ жоба Көкпекті және Ақсуат аудандарында жалғасып, Үлкенбөкен, Преображенка, Көкпекті, Көкжыра, Екпін және Ақсуат ауылдарының тұрғындарын қамтыды. Кездесулер барысында азаматтарға заңнамадағы өзгерістер түсіндіріліп, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған ақпараттар ұсынылды.

«Заң керуені» жобасы халық пен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайтуға, тұрғындарға қолжетімді құқықтық көмек көрсетуге және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған маңызды бастама ретінде өңірде жалғасуда.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button