Абай облысыСемейТОП

Семейде стихиялық сауданың алдын алу жұмыстары жалғасуда

Семей қаласында азық-түлік өнімдерін белгіленбеген орындарда сату фактілері әлі де кездеседі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Семей қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Шыңғыс Чокушев мәлімдеді.

Мамандардың айтуынша, жаз мезгілінде көше бойында сатылатын көкөніс, жеміс-жидек, сүт өнімдері мен үй жағдайында дайындалған тағамдарға сұраныс артады. Алайда мұндай өнімдердің қауіпсіздігіне ешкім кепілдік бере алмайды.

Басқарма тарапынан стихиялық сауданың алдын алу бойынша тұрақты жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері базарлар мен сауда орындарында кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстары 21 рет өткізілген. Сонымен қатар қала әкімдігі, полиция қызметі және төтенше жағдайлар басқармасымен бірлесіп, заңсыз сауда орындарын анықтау мақсатында 11 рейд ұйымдастырылған.

Рейдтік шаралар Ауезов даңғылы маңындағы базарлар аумағында, Чехов, Спартак, Глинки және Уәлиханов көшелерінде жүргізілді.

Спикердің айтуынша, көшеде сатылатын өнімдердің басым бөлігі антисанитариялық жағдайда сақталады. Әсіресе сүт, сүзбе, қаймақ, кремді кондитерлік өнімдер және үйде дайындалған тағамдарды сатып алу қауіпті болуы мүмкін.

– Көшеде сатылатын өнімдер көбіне сақтау талаптарын сақтамай өткізіледі. Сатушылардың медициналық тексеруден өткені туралы құжаттары болмайды және өнімнің сапасына ешкім жауап бермейді, – деді Асия Жарылғапова .

Мамандар тағамнан улану белгілері байқалған жағдайда өздігінен ем қабылдамай, дереу медициналық көмекке жүгінуге шақырады. Себебі уақытылы анықталған жағдайлар өзге тұрғындардың да улануының алдын алуға мүмкіндік береді.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button