Абай облысы

Көкпекті ауданында спорттық-мәдени шара өтіп жатыр

Бүгін Көкпекті ауданының орталығы Көкпекті ауылында «Көпесов Қонысбай ата – ел рухы, ұрпаққа үлгі» атты спорттық-мәдени шара өтіп жатыр.

Ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығы аясында Ұлы Отан соғысының ардагері, Көкпекті өңірінің тумасы Қоныспай Көпесұлының 100 жылдығына арналған республикалық спорттық және мәдени-танымдық іс-шара салтанатты түрде ашылды. Оған облыс әкімі Берік Уәли қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Бүгінгі басқосу – ел тарихына тағзым етіп, өнегелі өмір иелерін ұлықтайтын тағылымы мол, мәні терең кездесу. Бұл – өткенге құрмет білдіріп қана қоймай, бүгінгі буынның жауапкершілігін сезіндіретін, келер ұрпаққа бағыт-бағдар беретін маңызды рухани шара. Ең алдымен, Қонысбай Көпесұлының 100 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде ұйымдастырып отырған Көпесовтер әулетіне, аудан әкімдігіне облыс халқының атынан шынайы ризашылығымды білдіремін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Бейбітшілік пен тыныштық үшін жанын қиып, майдан даласынан оралмаған боздақтардың рухына бас иеміз. Біз ардагерлерге – майдангерлер мен тыл еңбеккерлеріне құрмет пен алғыс айтамыз», – деген болатын. Расында, Отан үшін от кешіп, мұз жастанған батырлардың қатарынан табылған Қонысбай ақсақалдың да есімі ел есінде сақталары анық. Бүгінгі іс-шара – бір әулеттің ғана қуанышы емес, бұл – тұтас елдің тарихына, ұлттың жадына деген құрмет, – деді аймақ басшысы.

«Көпесов Қонысбай ата – ел рухы, ұрпаққа үлгі» атты спорттық-мәдени шара аясында ұлттық ат спорты түрлерінен жарыс ұйымдастырылуда.

Ақсуат ауданы шекарасынан бастау алған «Толағай тұлпары» Ұлы аламан бәйгесі 100 шақырымды қамтыды. Дүбірлі додаға Қырғызстаннан, еліміздің Маңғыстау, Алматы, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Жамбыл, Шығыс Қазақстан және өзге де өңірлерден жүйріктер қатысты. Бірінші орынды Маңғыстау облысының тұлпары Бесжүйрік иеленіп, Changan көлігі берілді. Екінші орын Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданының жүйрігі Құлагерге, үшінші орын Қостанай облысының сәйгүлігі Жиренқасқаға бұйырды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау салтанатына облыс әкімі қатысып, арнайы сыйлықтар мен марапаттарды табыстады.

Сонымен қатар, шара аясында Аламан бәйге (25 шақырым) және Топ бәйге (15 шақырым) бойынша жарыстар өтті.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button