Абай облысында Халықаралық музейлер күніне орай «Музей түні» өтті

18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай Абай облысының музейлерінде «Музей түні» мәдени шарасы өтті. Шара өңірдегі музейлерде бір мезетте ұйымдастырылып, келушілерге мәдени мұрамен жақынырақ танысуға мүмкіндік беріп отыр.
Қазіргі таңда Абай облысының аумағында 4 облыстық музей 6 бөлімшесімен және 1 республикалық музей – Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі 10 бөлімшесімен халыққа қызмет көрсетуде. Өңір музейлерінің қорында 200 мыңнан астам жәдігер сақтаулы. Оның 40 мыңнан астамы заманауи талапқа сай цифрландырылған.
Абай облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Олжас Соғымбайдың айтуынша, «Бүгінгі таңда облыс аумағындағы музейлерде 200 мыңнан астам жәдігер сақтаулы. Оның 40 мыңнан астамы цифрландырылған. Халықаралық музейлер күніне орай өңірдегі музейлерде бір уақытта “Музей түні” мәдени шарасы ұйымдастырылып жатыр».
Бүгінде өңірдегі музей саласында 193 маман еңбек етіп, мәдени мұраны сақтау, зерттеу және оны көпшілікке таныстыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.



