«Серпін» бағдарламасы бойынша 200 баланы жұмысшы мамандығына қабылдау жоспарланған
Жұмысшы мамандықтар жылының салтанатты ашылуы «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі аясында ақпан айына жоспарланған. Алаңдар (көшелер мен үйлер) анықталды. Біздің облыстан 3 үй, яғни геологтар, гидрогеологтар және жобалаушылар үйі қаланады.
Облыстық білім басқармасының Техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Вилена Жакупбаеваның айтуынша, жұмысшы мамандықтар жылына орай, аймақтың барлық әкімдіктері мен облыстық басқармалары жоспарға сәйкес 300-ге жуық іс-шара өткізуді жоспарлаған.
– Жұмысшы мамандықтары жылын» атап өту бойынша облыстық іс-шаралар жоспары жасалып, оны жүзеге асыру жұмыстары басталып кетті. Жоспарға сәйкес өңірде 300-ге жуық іс-шара өткізу қамтылған. Сонымен қоса жұмысшы мамандықтар жылы аясында 111 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Облысқа қарасты Семей қаласы және Жарма ауданында стартап-орталығының, шағын кәсіпорынның ашылуы болады, – деді Вилена Жакупбаева.
Облыстың ірі және орта кәсіпорындары колледждерге оңтайлы жағдай жасап, арнайы меморандумға қол қойған. Осы меморандумдар аясында 3033 студент кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден өтуде.
– Кәсіпорындармен жасалған меморандум ынтымақтастық білім беру бағдарламаларын жаңартуға және еңбек нарығының талаптарына жауап беретін кадрлар даярлауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ облыстық білім басқармасы «Серпін» бағдарламасы бойынша оңтүстік өңірден (Қызылорда, Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстары, Жетісу облысы) 200 баланы жұмысшы мамандығына қабылдау жоспарлауда, – деп қорытындылады Вилена Жакупбаева.