Абай облысыШҚОҚоғамСпортТОП

Өскеменде қазақ күресінен Ұлттық ұлан чемпионаты басталды

13 наурыз Өскемен қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы жекпе-жек сарайында ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының кубогы үшін қазақша күрестен жеке және командалық чемпионат басталды. Жарыс 1995 жылдың 7 сәуірінде тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан ҚР ІІМ Ішкі әскерінің 17 жауынгерін еске алуға арналған.

Чемпионаттың ашылу рәсімі 5518 әскери бөлімінің саптық алаңындағы 17 жауынгердің құрметіне қойылған мемориалды ескерткіштің алдында өтті. Іс-шараға қатысушылар алдымен тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.

Ашылу салтанатында алғашқы болып «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Арман Жұмағалиев сөз сөйледі. Ол жат жерде антына адалдық танытып, ерлікпен қаза тапқан жауынгерлердің батылдығын еске алды. Сондай-ақ ұлттық спортты ұлықтау керегін атап өтті.

– Президенттің Жолдауында айтылғандай, салауатты өмір салтын және бұқаралық спортты оның ішінде ұлттық спорт түрлерін дамытуды насихаттау – мемлекеттің маңызды міндеті. Қазақ күресі-әскери қызметшілердің денесін ширатып, бұлшық еттерін қатайтатын, ептілікке баулитын ұлттық спорт түрі. Күрес жігіттеріміздің рухын көтеріп, төзімін шындайды, шыдамды болуға тәрбиелейді. Мұның бәрі біздің әскери қызметшілерімізге жүктелген тапсырмаларды орындауда зор пайдасын тигізеді. Сондықтан барлық қатысушыларды жарыстың ашылуымен құттықтаймын. Сіздер жарыс кезінде күш-қуат, батылдық және табандылық сияқты маңызды қасиеттерді көрсете аласыздар деп сенемін, – деді генерал-майор Арман Жұмағалиев.

Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының дене даярлығы және спорт бөлімінің бастығы полковник Сәтжан Әбішевтің айтуынша бұл біріншілікке 7 команда қатысып отыр. Атап айтқанда жарысқа «Шығыс», «Оңтүстік», «Орталық», «Батыс» өңірлік қолбасшылықтарының, Ұлттық ұлан Академиясының және тікелей бағыныстағы 6654 әскери бөлімі мен 5573 бригадасының құрама командалары келген.

– Бұл жарыстың деңгейі жоғары. Өйткені мұнда республикалық деңгейде бақ сынап жүрген спортшы сарбаздарымыз да қатысып жатыр. Биыл ұлттық спорт түрін дамыту масқатында Ішкі істер министрі мен оның орынбасары әрі Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақановтың қолдауымен құқықтық тәртіп әскерінде алғаш рет осындай чемпионат өткізіліп отыр. Бүгінгі біздің біріншілік іріктеу есебінде өтеді. Олай деуіміздің өзіндік себебі бар. Биыл 1-3 сәуір аралығында Щучинск қаласында қазақ күресінен Ішкі істер министрінің кубогы өтеді. Сондықтан бүгінгі жарыста оза шапқан оғландарымыз сол жарыста Ұлттық ұланның намысын қорғайды. Сондай-ақ 21-23 мамыр күндері Қызылорда қаласында  Ұлттық қауіпсіздік комитетінің кубогы ұйымдастырылады. Бұдан бөлек жыл сайын шілде айында елорда төрінде өтетін «Қазақстан барысы» сайысы күтіп тұр, – деді полковник Сәтжан Әбішев.

Жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеген қонақтар қатарында Қазақстан Қарулы күштерінің подполковнигі, Лондон Олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакова да болды.

– Сіздерді бүгінгі жарыстарыңыздың ашылуымен құттықтағым келеді. Қаламызға қонақ ретінде келген әскери қызметшілерге Қазақстанның ірі спорт қалаларының бірі – Өскеменге қош келдіңіздер деймін. Қазақ күресі нағыз ерлердің күш-жігерін байқатады. Сондықтан жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін! Жеңіске жету үшін барлық ерік-жігерлеріңізді салатындарыңызды білемін және осы спорт түрінен ләззат аласыздар деп ойлаймын. Бәсекелестікке төтеп бере алған ең мықты спортшылар ғана жеңіс тұғырынан көрінеді, – деді Ольга Сергеевна.

Сонымен қатар спортшы әскери қызметшілерге самбодан КСРО спорт шебері Рымбек Рамазанов пен жауынгерлік самбо бойынша әлемнің екі дүркін чемпионы Ержан Омарбеков сәттілік тіледі. Құрметті қонақтардың сөзінен кейін жиналғандар мемориалды ескерткішке гүл шоқтарын қойып, шекара шебінде қаза тапқан сарбаздарға тағзым етті.

Салтанатты шара аяқталысымен жарысқа қатысушылар Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы жекпе-жек сарайын бет алды. Бүгін ол жерде чемпионаттың алғашқы айналымы өтеді. Ал жеңімпаздар 14 наурыз күні анықталады.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button