Абай облысыҚоғамТОП

Семейде «Өмірді сақта» аймақтық форумы өтті

Семейде «Аналар жүрегі» сарбаздардың аналар комитеті республикалық қоғамдық бірлестігінің Абай облысы филиалының ұйымдастыруымен «Өмірді сақта» атты аймақтық форумы өтті, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметінің хабарлауынша, форумға күштік құрылымдардың, атап айтқанда Қарулы Күштер, Шекара қызметі, Ұлттық Ұлан мен Төтенше жағдайлар қызметінің психолог мамандары қатысты.

Шараның басты мақсаты – сала мамандарының өзара тәжірибе алмасуы болды. Жиында өз-өзіне қол жұмсауға жақын тұлғаны анықтау және оның алдын алу сынды ортақ мәселелер талқыланып, шешу жолдары туралы ой өрбіді. «Аналар жүрегі» сарбаздардың аналар комитеті» республикалық қоғамдық бірлестігінің Абай облысы филиалының өкілі Айнұр Татерованың айтуынша, бүгінде күштік құрылымдардағы психолог мамандарының жұмыс жасау әдісіне өзгеріс жасау қажет.

  • Күштік құрылымдарындағы психологтардың жұмыс жасау әдістеріне баса назар аударуымыз керек. Өйткені бүгінгі күні олар қолданып жүрген әдістер ескірген деп ойлаймын. Оның үстіне олардың барлығы жасөспірімдерге арналған, сарбаздарға қолдануға келмейді. Ал қазіргі жастардың ой өрісі, дамуы басқаша. Осы мәселені көтеруіміз керек. Арнайы құрылғылармен қамтамасыз ету мәселесін де қарастырған жөн, – дейді Айнұр Татерова.

 

Форум барысында елімізде шығарылған «Ақ сұңқар» атты әмбебап психикалық-диагностикалық кешені мен Газоразрядтық визуализация әдісі арқылы диагностикалау техникалық құралы таныстырылды. Қоғам індетімен күресудің бір жолы жоғарыда атаған «Ақ сұңқар» әмбебап психикалық-диагностикалық кешені. Арнайы бағдарлама көптеген тестерден тұрады. Оның көмегімен жастардың психологиясы тексеріледі. Сол арқылы жастардың ішкі сырын білуге болады екен. Айта кетейік, аппаратпен жұмыс жасайтын мамандар арнайы дайындықтардан өтуі шарт.

Сонымен қатар газоразрядтық визуализация әдісі арқылы диагностикалау техникалық құралы көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Арнайы құрал да сала мамандарына таныстырылып, жұмыс атқару барысы іс жүзінде көрсетіліп, нәтижесі талқыға салынды.

Аймақтық форумда психологтар әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтауға, сондай-ақ әскери қызметтің жағдайын жақсартуға және әскердегі тәрбие жұмысын жетілдіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстары жайлы ойларын ортаға салды. Форумға қатысушылар «Әскери қызметшілерде суицидтік мінез-құлықты анықтау», «Жасөспірімдер мен ата-аналардың өзара қарым-қатынасы» сынды бірқатар тақырыптарда баяндамалар жасап, пікір алмасты.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button