ҚоғамСемейТОП

Семейде ауған соғысының ардагеріне құрмет көрсетілді

Биыл Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толып отыр. Осыған орай Семейде ауған соғысында мерт болған жауынгердің анасына құрмет көрсетілді.

35 жыл бұрын 18 жастағы ұлын соғысқа аттандырып, кейін қайта көре алмаған анаға Абай гарнизонына қарасты 54770 әскери бөлімімен әскери оркестр тосын сый жасады. Көп қабатты үй ауласын кернеген оркестр жеңіс тақырыбында түрлі әуендерді орындап, жорық жырларын айтты. Жауынгердің анасы көңіл толқытарлық көрініске тебіреніп, арнайы келіп отырған әскерилерге алғысын білдірді. Ауған жауынгерінің анасына әскери бөлімі қызметкерлері сый-сияпаттарын берді. Қарт ана құрмет көрсетіп келгендерге ақ батасын берді. «Бұл мен үшін үлкен сый болды. Балам жастайынан кетіп, Отан алдындағы борышын орындап, ерлікпен қаза болды», – дейді 94 жастағы кейуана.

Жат жерде көз жұмған жауынгер Рахилаш Жақыпқызының батыл ұлдарының бірі еді. Ол әскерге 18 жасынан аттанады. Кейін әскери борышын өтеп жүріп, ауған жеріндегі ұрыстарға қатысқан.  Бірде әскерилер колонамен келе жатқанда жау тосыннан шабуыл жасап, алдыңғы шепте көлік басқарып келе жатқан Нұрбек Мусинов жараланады. Ол тосылып қалмай жауды бөгеп қарсы оқ жаудырады, сол жерде өзі оққа ұшып, жан тапсырды. Бүгінде батыр ұлдың ерлігі жайлы естеліктер көп. Семейдегі көшелердің біріне Нұрбек Мусиновтың есімі берілген.  Жауынгер «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған. Қайсар жігіт туралы әртүрлі суреттер мен еңбектерде сыр шертетіндей.

Ер есімі – ел ісінде! Сондықтан Ауғанстан соғысында қаза болғандар мен қатысқандардың жасаған ерліктері ешқашан ұмытылмақ емес.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button