ҚоғамСемейТОП

Семейде өңірлік кадрлық резервке іріктеу барысы түсіндірілді

Өңірлік кадр резерві жобасының негізгі мақсаты – аймақты дамытуға талантты жастарды тарту. Жобаның бірінші кезеңі 1-31 наурыз аралығында өтеді, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

Бұл туралы Семей қаласы әкімдігінің мәжіліс залында өткен жиында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрлан Дәулетқалиев айтты.

Қала жастарымен кездесу барысында Департамент басшысы кадрлық резерв пен оған қатысушыларға қойылатын негізгі талаптарға тоқталды.

Оның сөзінше, облыста өңірлік резервке 4 бағыт бойынша 15 адам қабылданады. Агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары, экономика және қаржы, цифрландыру, әлеуметтік салалар сынды 4 бағытты дамытуға өз үлесін қосатын жастар таңдалып алынбақ.

Кадрлық резервке өтуден үміткерлер 35 жастан аспайтын, жоғары білімді және кемінде 3 жыл жұмыс өтілінің болуы шарт.

«Елімізде жастарды қолдауға арналған түрлі жобалар бар. Солардың бірі – өңірлік кадр резерві жобасы. Қазіргі таңда озық ойлы, бәсекеге қабілетті мамандар елімізге де, облысымызға да өте қажет»,- деді Семей қаласы әкімінің орынбасары Жәнібек Мұқатаев.

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Абай облысы бойынша филиал директоры Әсет Абжақов үміткер жобаға қатысу үшін қандай кезеңдерден өтуі қажет екенін түсіндіріп өтті.

«Әуелі құжаттарды қабылдау кезеңінен, одан кейін заңнамалық білімі мен жеке қасиеттерін бағалау тестінен өтеді. Бұдан соң құзыреттерді бағалау мен комиссияда сұхбат болады, соңғы кезеңде резервке кандидаттарды қабылдау туралы ұсыныс шығарылады», — деді ол.

Еске салайық, үміткерлер құжаттарын onir.pkrezerv.gov.kz сайтында тапсыра алады.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button