
Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қызметшілер алдында сөйлеген сөзінде әскерді жоғары технологиялық қару-жарақпен және сапалы әскери техникамен жарақтандыру мәселесін атап өтті, – деп хабарлайды Semeynews.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Президенттің пікірінше, біздің әскеріміз кәсіби деңгейі жоғары, ұтқыр және ең күрделі жауынгерлік тапсырмаларды орындауға дайын болуы қажет.
– Ол үшін әскерді жоғары технологиялық қару-жарақпен және сапалы әскери техникамен жарақтандыру, оқ-дәрілермен толықтай қамтамасыз ету айрықша маңызды. Жақында жариялаған Жолдауымда мен жергілікті өнім үлесі жоғары өндіріс циклін құруды тапсырдым. Бронды техника, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттары, заманауи атыс қарулары – мұның бәрін біз өзімізде шығара аламыз. Жалпы, қорғаныс-өнеркәсіп кешені әскеріміздің жауынгерлік қабілетіне сенімді тірек болуы қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысында өтіп жатқан «Батыл тойтарыс-2023» стратегиялық командалық-штабтық әскери оқу-жаттығу жиынын барып көрді.
Semeynews.kz