ШҚОҚазақстанМәдениетҚоғамТОПШҚО

Оралхан Бөкейдің музей үйі мемлекет меншігіне берілетін болды

Жазушы Оралхан Бөйкейдің музей үйі мемлекет меншігіне берілетін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданындағы Шыңғыстай ауылында көрнекті жазушы Оралхан Бөкейдің жас шағы өткен музей-үй бар. Бүгінге дейін Бөкей әулетінің қара шаңырағы құжат жүзінде жекенің меншігінде болып келді. Кейінгі жылдары жеке меншіктегі нысанды күтіп ұстауға бюджеттен ақша бөлу заңға томпақ болғандықтан, мәдени-тарихи нысанның кетеуі кетіп бара жатқаны туралы мәселе жиі көтеріліп жүрген. Сол мәселе өткен айда шешімін тауып, музей-үй мемлекет балансына берілетін болыпты.

photo

Бұл мәліметті Катонқарағай ауданының әкімі Ділдар Қалиқан растады.

«Нысанды «Катонқарағайды тұрақты дамыту қоры» сатып алды. Демек, қазір музей-үй сол қордың балансында тұр. Қор сол үшін 10 млн теңге төлеп, сатып алды. Ақпан айында үй иесі келіп, кілтті табыстады. Келісімшарт жасалып, нотариус бекітті. Енді үйді қалпына келтіру жұмыстарын бастаймыз. Ауласын, үйдің ішін, бәрін қалпына келтіру керек. Одан кейін жоспар бойынша облыстық өлкетану музейінің бір филиалы болып ашылады. Яғни, толықтай мемлекет меншігіне беріледі. Ол үшін музей қорында мыңнан астам дерек болу керек деген сияқты талаптары бар екен. Қазір соның бәрі жинастырылып жатыр.

Осы жұмыстың бәрі ойдағыдай бітсе, мамыр айына қарай нысан келушілерге есігін ашатын шығар. Оның үстіне ауласында тұрған жазушы мүсінін жаңаласақ деп отырмыз. Тапсырыс берілген, жасатып жатырмыз. Нысанды қалпына келтіру жұмыстары қандай қаражатқа атқарылатынын да қарастырып жатырмыз», – деді аудан әкімі.

Жазушының туған қарындасы Ғалия Бөкейқызы да әкімдіктің нысанды күтіп ұстау туралы ұстанымын қолдайтынын айтты.

«Осы мәселе бойынша аудан әкімімен екі рет ақылдастым. Менің басты қойған талабым – музей үй облыстың балансында болуы керек еді. Өйткені аудан балансында болған кезде қараусыз қалған жайттар болған. Ауданға руханиятты түсінетін адам басшы боп келсе, музейге ақша бөлінеді де, руханияттан алыс адам келсе, ақша бөлінбей қалады. Бұл талабыма әкімдік көніп отыр. Нысан облыстың нысанында болғандықтан, облыстық бюджеттен қаржыландырылады. Музейдің штат саны туралы талабым да қолдау тапты. Ауладағы мүсіні оғаштау болатын. Оны да жаңалауға уәде беріп отыр. Осының бәрін ескеріп, қара шаңырағымызды мемлекет балансына беруге келісім бердім. Үйдегі экспонаттар мен құжаттарды, өз қолымда болған мұраның бәрін қағазға тізіп, арнайы акт жасап, ресми табыстадым», – деді ол.

Еске салайық, биыл Оралхан Бөкейдің туғанына 80 жыл толады.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button