Абай облысыҚоғамСемейТОПЭкономика

Абай облысының әкімі «СемАЗ» және «Daewoo Bus» зауыттарының жұмысымен танысты

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев «СемАЗ» және «Daewoo Bus» зауыттарына барып, кәсіпорындардың жұмысымен танысты, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

Өңір басшысы өндірістік нысандардың басшыларымен кездесіп, жинақтау желілерін де аралап көрді.

Машина жасау саласы облыс экономикасының дамуына ерекше үлес қосып отыр. Семейдегі зауыттар азаматтарды жұмыс орындарымен қамтып, әлеуметтік қамтамасыз етуді де жүзеге асырып отыр. Өнімдер үлкен сұранысқа ие. Мысалы, «Daewoo Bus» зауыты шығарған автобустарды Қазақстанның көптеген қалаларында көруге болады.

– Зауыттың ассортименті кең. Техникалар коммуналдық қызмет саласына, автокөлік кәсіпорындарына, жолаушылар тасымалына да арналған, – деді аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаев.

«Daewoo Bus Kazakhstan» зауыты Қазақстандағы бірінші толық циклді автомобиль құрастыру зауыты. Өндіріс импорттық автокөлік жинақтарынан тораптар мен агрегаттарды құрастыруды ғана емес, сонымен қатар шанақтарды құрастыру-дәнекерлеуді және бояуды қамтиды.

«Daewoo Bus Kazakhstan» зауытынан Daewoo BC 211 GDW, 11 метрлік жартылай төмен еденді автобус, төмен еденді Daewoo BC 120 GDW сияқты жаңа автобус үлгілері өндіріске шығарылса, 2022 жылдың 5 қыркүйегінде Daewoo BH 120 F GDW туристік автобусы шықты.

«СемАЗ» автоқұрастыру зауытында автобустар да, жүк көліктері де, тракторлардың бірнеше түрі шығарылады. Кәсіпорын үнемі даму үстінде. 2022 жылы облыс және республика диқандарына жаңа техника түрлерін ұсынды.

– Біз «BELARUS» маркалы тракторларды шығарамыз, бірақ біз «JINMA» деген тағы бір трактор маркасын шығаруды жөн көрдік. Бұл трактор ыңғайлылығымен ерекшеленеді, кондиционер бірден негізгі жинақтауға келеді, трактордың эргономикасы жақсырақ және заманауи. Бізде самосвалдар да шығарылды, сонымен қатар қазір ауыл шаруашылығына арналған көліктер де шығарудамыз. Өйткені бұл сала ел экономикасының драйвері болып табылады. Алғашында құрылыс техникасына көбірек көңіл бөлсек, енді шаруаларымызға жаңа жайлы техника ұсыну үшін ауыл шаруашылығына ден қойдық, – деді зауыт басшысы Марат Мәкішев.

Бүгінгі таңда «СемАЗ» зауытының өндіріс орындарында GAZ және HINO маркалы жеңіл көліктер; «Беларусь» маркалы трактор; SHACMAN және DONGFENG жүк көліктері; «ZHONGTONG» және «DONGFENG» қалалық автобустары; URAL маркалы жол талғамайтын және арнайы мақсаттағы көліктер шығарылады.

2022 жылы «JINMA» маркалы трактордың жаңа үлгісі және «DONGFENG» маркалы астық тасығышы шығарылды.

Зауыттың екі ауысымдық жұмыс режиміндегі өндірістік қуаты: «BELARUS» тракторларының өндірісі – 3500 дана, жүк көліктері – 10000 дана, автобустар өндірісі – 1200 дана.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button