Абай облысыҚоғамСемейТОПЭкономика

Абай облысында «ҚазАгроҚаржы» АҚ жаңа филиалының ресми ашылуы өтті

Семей қаласында «ҚазАгроҚаржы» АҚ жаңа филиалының ресми ашылуы өтті. Оған Ұлттық экономика министрі Əлібек Қуантыров, акционерлік қоғамның Басқарма төрағасы Айдар Прашев арнайы қатысты, – деп хабарлайды Semeynews.kz.

– Абай облысында кәсіпкерлікті дамытуға және қолдауға көп көңіл бөлінеді. Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру аясында және бизнесті мемелкеттік қодау шараларының арқасында кәсіпкерлердің төменгі пайызбен несие алуға мүмкіндіктері бар. Өнірлік филиалдардың қорлардың жұмысы микро, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға бағытталатынына сенімдімін. Нақты өңірлік бағдарламаларды іске асыру үшін қаражат тарту үшін жұмыс жалғасады. Бұл жаңа жұмыс орындарын құруға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді,  – деді Ұлттық экономика министрі Əлібек Қуантыров.

Жаңа филиалда Абай облысының ауыл шаруашылығы өндірушілері қажетті техниканы лизингке ала алады. Филиалдың жұмысы Бесқарағай, Бородулиха және Абай аудандарының шаруалары үшін жол шығындарын едәуір қысқартып, бизнес-процестерді жеделдетеді.

– Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысының фермерлері техниканы лизингке алатын ең белсенді пайдаланушылардың бірі болған. 11 айда облыста 698 техника лизингке берілді. Осы мәліметке сай Абай облысының ауыл шаруашылығын дамытуда үлкен әлеуеті байқалады. Айта кетерлігі, Абай облысының тұрғындарына біздің тарапымыздан көптеген мүмкіндіктер жасалады. Болашақта бұл туралы қосымша айтатын боламыз, – деді өз сөзінде акционерлік қоғамның Басқарма төрағасы Айдар Прашев.

Абай облысында кем дегенде 650 фермерлік шаруашылық техниканы ұзақ мерзімді жалға ала алады. Бұл ауылшаруашылық бизнесін құру және дамыту үшін үлкен қолдау, яғни тұтынушылар үшін бұл дүкен сөрелеріндегі өнімдердің үлкен таңдауы болатынын білдіреді.

Сонымен қатар, филиалдың ашылу салтанатында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы Алмат Әшірбеков пен ҚР «Қазақстан фермерлер Ассоциациясы» облыстық филиалының төрағасы Серік Байғалиев қатысты. Олар жаңадан құрылған Абай облысында «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының ашылуы маңызды қадам екеніне тоқталды. Бүгінде шаруа қожалығымен айналысып, кәсібін дөңгелетіп жүрген азаматтар көбеюде. Сондықтан, олар үшін жасалып отырған жағдай да, нәтиже де болуы керек.

Бүгінгі күні арнайы ішкі бағдарламалар мен мобильді қосымшаларды жетілдіру мақсатында жұмыс жасалуда. Олар қолданушыларға мейілінше түсінікті әрі жеңіл болатындай құрастырылып, ұсынылған қызметтерді олар үйде отырып ала алады.

Айта кетейік, «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы аталған саланың заманауи және жоғары технологиялық техникаға қажеттілігін қамтамасыз ететін Қазақстанның агроөнеркәсібі лизингі нарығындағы көшбасшысы.

– Бүгінгі таңда компания қазақстандық лизинг нарығының шамамен 80% қамтиды. Компанияның филиалдары еліміздің барлық өңірлерінде жұмыс жасауда. Жақын арада жаңадан құрылған Ұлытау және Жетісу облыстарында да филиал ашу жоспарлануда, деді «ҚазАгроҚаржы» АҚ Басқарма төрағасы Айдар Прашев.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button