БілімСемей

ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҚАЙТА ДАЯРЛАУ – ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР БАСТАУЫ

Елімізде реформаларға көп ұшыраған салалардың бірі – білім беру жүйесі екені белгілі. Бір өзгерістер қоғам сынына ұшырап жатса, енді бір өзгерістер білім беру саласына жаңа серпін беріп, жаңа мүмкіндіктер бастауы болуда. Сондай оң өзгерістердің бірі ретінде Педагогикалық қайта даярлау курстарын өткізу қағидаларының бекітіліп, қазіргі таңда іске асырылып жатқанын айтуымызға болады. Аталған қағидалар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 17 наурыздағы № 110 бұйрығымен бекітілді.

Бүгінгі таңда елімізде педагогтар тапшылығы бар екені анық, әсіресе, ауылдық жерлерде бұл тапшылық анық сезіледі. Педагогикалық қайта даярлау курстары осы тапшылықты жабу және арнайы кәсіби білімі бар, бірақ өз мамандығы бойынша әртүрлі себеп-жағдайлармен жұмыс таба алмай жүрген мамандарға педагог ретінде өзін танытуға жаңа мүмкіндік берері сөзсіз. Ендеше, педагогикалық қайта даярлау курстарының мақсаты – педагогикалық емес кәсіптік білімі бар мамандарды педагог ретінде қайта даярлау арқылы жаңа мүмкіндіктер көзін ашу, сұранысқа ие педагогтар қажеттілігін өтеу.

Бұл курстар – екінші жоғары білім алудың қысқа мерзімді баламасы. Екінші жоғары білім алу үшін 2 жылдай уақытты жоғалтпай, 6 ай ішінде қажетті құзыреттіліктерді меңгеріп, педагог ретінде жұмыс істеу құқығын беретін сертификатқа ие болуға болады. Сондай-ақ арнайы кәсіптік, техникалық білімі бар мамандар да педагогикалық қайта даярлау курстарынан өтіп, мектеп мұғалімі ретінде өздерін сынап, жаңа белестерге жол аша алады.  Сонымен бірге оқу ақысына қатысты да үнем болары анық.

Кәсіби, бірақ педагогикалық емес білімі бар маман қай пән мұғалімі бола алатындығы Кадрларды даярлау бағыттарының жіктеушісіне (классификатор) сәйкес анықталады.

ҚР Білім және ғылым министрлігімен бекітілген қағидалар негізінде Шәкәрім университетінің Кадрлар біліктілігін арттыру және қайта даярлау орталығы 2021 жылдың қаңтар айынан бастап педагогикалық қайта даярлау курстарын өткізіп, 25 тыңдаушы арнайы сертификатқа ие болды.

Шәкәрім университеті курсқа қазақ және орыс тілдерінде білім алатын тыңдаушыларды барлығы 15 білім беру бағдарламасы бойынша  қабылдайды:

  1. Педагогика және психология (қазақ, орыс тілдерінде)
  2. Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу (қазақ, орыс тілдерінде)
  3. Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі (қазақ, орыс тілдерінде)
  4. Музыкалық білім (қазақ, орыс тілдерінде)
  5. Бейнелеу өнері, көркем еңбек және сызу (қазақ, орыс тілдерінде)
  6. Математика (қазақ, орыс тілдерінде)
  7. Физика (қазақ, орыс тілдерінде)
  8. Информатика (қазақ, орыс тілдерінде)
  9. Химия (қазақ, орыс тілдерінде)
  10. Биология (қазақ, орыс тілдерінде)
  11. География (қазақ, орыс тілдерінде)
  12. Тарих (қазақ, орыс тілдерінде)
  13. Шетел тілі: екі шетел тілі (қазақ, орыс тілдерінде)
  14. Қазақ тілі мен әдебиеті (қазақ тілінде)
  15. Орыс тілі мен әдебиеті (орыс тілінде)

Бұл білім беру бағдарламаларын университет оқытушылары нарықтың, өңірдің қажеттілігін, жұмыс берушілердің сұранысын ескере отырып, Педагогтің кәсіби стандартына сәйкес әзірледі. Курс барысында басты назар педагогикалық-психологиялық модуль, пәнді оқыту әдістемесі мен теориясына және педагогикалық практикаға аударылады.

Курс соңында тыңдаушылар қорытынды аттестациядан өтіп, мектепте мұғалімі ретінде жұмыс істеуіне рұқсат беретін арнайы сертификатқа ие болады. Сертификат мерзімі шектеусіз.

Сертификатқа ие болған тыңдаушының біліктілігі, білім сапасы, әрине, ең алдымен, білім алушының өзіне және оны оқытқан білім беру бағдарламасының профессор-оқытушылар құрамына тікелей байланысты екені сөзсіз. Ал тоқсан жылға жуық тарихы бар Семейдің бұрынғы пединституты, қазіргі Шәкәрім университеті қашанда білім сапасына айрықша назар аударды және аударып келеді.

Шәкәрім университеті 2022-2023 оқу жылына педагогикалық қайта даярлау курстарына тыңдаушыларды екі лекпен қабылдайды:

1-лек – 1 маусымнан 20 тамызға дейін, 2-лек – 1 қазаннан 30 қазанға дейін. Кәсіби жарамдылықты анықтау емтиханы: 1-лек –25 тамызға дейін, 2-лек –30 қазанға дейін. Курс күндізгі оқу нысаны бойынша және/немесе қашықтықтан оқыту технологиясын қолдану арқылы күндізгі оқу нысаны бойынша жүргізіледі.

Курсқа түсуші адамдар ЖОО-ның қабылдау комиссиясына мынадай құжаттарды тапсырады:

1) еркін нысанда ЖОО басшысының атына өтініш;

2) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

3) білімі туралы құжаттың көшірмесі;

4) 3×4 сантиметр көлеміндегі алты фотосурет;

5) 086-У нысанындағы медициналық анықтама;

6) мына құжаттардың біреуін:

  • педагогтің кәсіби стандартының (бұдан әрі – педагогтың кәсіби стандарты) 5-ші деңгейіне сәйкес оқу нәтижелері көрсетілген техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі туралы құжат;
  • педагогтің кәсіби стандартының 6-деңгейіне сәйкес оқу нәтижелерін көрсетілген жоғары білім туралы құжат;
  • педагогтің кәсіби стандартының 7-ші деңгейіне сәйкес оқу нәтижелерін көрсетілген жоғары оқу орнынан кейінгі білімі туралы құжат.

Сонымен қатар, осы тармақта көрсетілген құжаттардың көшірмелерімен бірге салыстырып тексеру үшін олардың түпнұсқалары ұсынылады. Салыстырып тексеру жүргізілгеннен кейін түпнұсқалар қайтарылады. Осы тармақта көрсетілген құжаттар толық ұсынылмаған жағдайда ЖОО-ның қабылдау комиссиясының хатшысы құжаттарды қайтарады.

Қайта даярлау курстары туралы толық ақпаратты Шәкәрім университетінің №7 оқу ғимаратында орналасқан Кадрлар біліктілігін арттыру және қайта даярлау орталығынан, Қабылдау комиссиядан және +7 747 415 43 21 телефоны арқылы да білуге болады.

Педагог болуды қалайтын, педагогикалық емес кәсіби білімі бар мамандарды Шәкәрім университетінің педагогикалық кадрларды қайта даярлау курстарына шақырамыз! Өз мүмкіндіктеріңізді тиімді пайдаланып, білім беру жүйесінің сапасын көтеруге үлес қосатын мұғалім болыңыз!

 

Кадрлар біліктілігін арттыру және қайта даярлау

 орталығының басшысы Сағанаева Г.Б.

Осы айдарда

Back to top button