
ШҚО ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, облыс аумағында «Учаске» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы жүргізілуде. Іс-шараның мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ атыс қаруын заңсыз айналымнан алу.
- Ағымдағы жылдың 7 қазанында Жарма ауданының жедел уәкілдері жергілікті тұрғындардың бірі тіркелмеген қаруды өз үйінде заңсыз сақтағаны туралы ақпарат алған. Ақпаратты тексеру барысында Қарасу ауылының 54 жастағы тұрғынын анықталды және оның моншасынан екі ұңғылы мылтыққа ұқсас зат табылып, тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес алынған қару зауыттық тәсілмен дайындалған және атуға жарамды, ИЖ-56-3 «Белка», 5,6/28 мм калибрлі ойық тегіс ұңғылы атыс қаруы болып табылды, – делінген ақпаратта.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 287-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Мән-жайы анықталуда, тергеу нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданады.
Аталған бап бойынша – бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға қарастырылған.
Полиция департаменті тіркелмеген қаруды өз еркімен полицияға тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылатынын ескертеді.
Semeynews.kz