
ШҚО ПД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, ағымдағы жылдың қазан айының басында, шамамен 08:00-ден сағат 11:30-ға дейінгі аралықта белгісіз тұлғалар алдын ала келісіп, кілт таңдау жолымен Өскемен қаласындағы пәтерлердің бірінің есігін ашып, пәтерден құнды заттарды ұрлаған. 19 миллион теңгеден астам шығын келтірілген.
ҚР ҚК 188-бабының 4-бөлігі бойынша (аса iрi мөлшерде жасалған ұрлық) сотқа дейінгі тергеу басталды. Жедел-іздестіру барысында Жарма ауданы Жаңаөзен ауылының 47 жастағы және Өскемен қаласының 36 жастағы екі тұрғыны анықталып ұсталды. Күдіктілер өз кінәларын мойындады.
- Тергеу барысында аталған тұлғаларда қару болғаны анықталды. Қаскөйлер қаруды саяжайлардың бірінде сақтаған. Тінту шаралары барысында полицейлермен тапаншаға ұқсас зат және магазинге салынған үш оқ-дәрі тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленген заттар – калибрі 9 мм «SNREAMER-1014» травматикалық тапанша және оқ-дәрілер аталған қарудың оқтары болып табылды. Қару атуға жарамды. Қазіргі уақытта ҚР ҚК 287-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс басталды, – деп түсіндірді Өскемен қалалық ПБ бастығы Андрей Мула.
ҚР ҚК 188-бабының 4-бөлігі бойынша – мүлкi тәркiленіп, жеті жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру, ҚР ҚК 287-бабының 2-бөлігі бойынша – екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру қарастырылған.
Semeynews.kz