МәдениетҚоғамСемейТОП

Семейде Невзоровтар музейінде “Атамекен” көрмесі ашылды

Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейінде Нұрбұлан Өтепбаевтың 70- жылдығына арналған мерейтойлық көрмесі ашылды, деп хабарлайды Semeynews.kz.

Нұрбұлан Нұғыманұлы Өтепбаев – суретші-график, дизайнер, педагог. Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының, Дизайнерлер Одағының мүшесі. 1986 жылдан бастап облыстық, республикалық және халықаралық көрмелердің қатысушысы. Жеке көрмелері Семей, Алматы, Павлодар, Өскемен, Нұр-Сұлтан қалаларында өтті.  Нұрбұлан Өтепбаев көрерменді өзінің шығармашылығымен көптеген жылдар бойы қуантып келеді. Оның басты кейіпкері туған жері  – Ұлы дала әлемі болып табылады. Сондықтан көрме «Атамекен» деп аталуы кездейсоқ емес. Атамекен – ата-бабаларымыздың мекені, туып өскен жері.

  • Әр адам үшін Отан сөзі белгілі бір сипатқа ие. Мен үшін Отан – ол кең байтақ дала, адамдар, кездесулер, серуендер, сезімдер, қарым-қатынастар, бұл тарих пен дәстүрлер, естеліктер. Мен үшін маңызды тақырыптардың бірі – Абай. Ойшыл ғұлама өмір сүрген аймақты, өңірді, тарихты зерттеуге көп көңіл бөлемін, – деді Нұрбұлан Өтепбаев.

 

Көрмеге Абай портреті және ақынның әкесі мен бауырының портреттерін, сондай-ақ ойшылдың шәкірттерінің портреттері де қойылды. Көрмеге автордың қағазда, картонда, оргалитте тушь, қаламұш, акрил, акварель техникасында орындалған 50-ден астам туындысы қойылды. Ұсынылған жұмыстардың ең алғашқысы 2000 – жылдардың басында жазылған.

Көрме туындылары көрерменге шебердің даралығын, оның өз халқының мәдени мұрасына ілтипатты әрі әсерлі көзқарасын көрсетеді және, ең бастысы, ол мұны кәсіби талғаммен және махаббатпен жасайды.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button