ШҚОҚоғамТОПШҚО

Мемлекет басшысы Ақтоғай кен байыту кешеніне барды – ШҚО

Қасым-Жомарт Тоқаев «KAZ Minerals Aktogay» ЖШС-не қарасты Ақтоғай кен байыту кешеніне барып, ондағы екінші кен байыту фабрикасын пайдалануға беру рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Бұл кеніштің мыс өндіру жөнінен әлемдегі ірі кен орындарының қатарына қосылуына мүмкіндік берді.

Президент кешенді аралап көру барысында «KAZ Minerals Aktogay» компаниясы жұмысының негізгі көрсеткіштерімен танысып, кен өндіру процесін көріп, жаңа сульфид фабрикасының жұмысын бастауға ресми түрде рұқсат берді.

– Мен Жолдауымда былтыр индустрияландырудың 10 жылдығында өңдеу өнеркәсібінің экономиканы дамытуға қосқан үлесі алғаш рет тау-кен өнеркәсібінің үлесінен асып түсіп, 13 пайызға жеткенін айтқан едім. Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны сақталып, шамамен 6 пайызға жетіп отыр. Индустрияландыру картасы аясында 12 мың жаңа жұмыс орны ашылып, 120-дан астам жаңа өндіріс іске қосылды. Жыл соңына дейін «Өнеркәсіп саясаты туралы» Заң қабылданады. Жалпы біздің міндетіміз – 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есе, ал еңбек өнімділігін 30 пайызға арттыру. Ол үшін бізге Индустрия 4.0 элементтері бар әрі өнімдерін экспорттайтын заманауи кәсіпорындар қажет. Жаңа кен байыту фабрикасы осындай талаптарға сай келеді, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент өз сөзінде кәсіпорын қызметкерлерінің ел экономикасын дамытуға зор үлес қосып отырғанын атап өтті. Мемлекет басшысы жаңа фабриканы іске қосудың әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан тиімді тұстарын айтты.

– Өңделген өнімнің экспорты артады. 700 жаңа жұмыс орны ашылып, салықтан бюджетке қосымша 80 миллион доллар кіріс кіреді. Комбинат Шығыс Қазақстан облысындағы жаңа әлеуметтік нысандардың құрылысына, білім беру және емдеу мекемелерінің жабдықталуын жақсартуға белсенді атсалысады. Бұл – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің лайықты үлгісі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«KAZ Minerals» компаниялар тобы Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында 2017 жылы Ақтоғай кен байыту кешенінің өндірістік қуатын кеңейту жобасын қолға алған. Комбинаттың екінші фабрикасының іске қосылуы кен өңдеу көлемін жылына 25-тен 50 миллион тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы, Ақтоғай I және Ақтоғай II жобаларын қоса алғанда кен орнын игеруге тартылған инвестицияның мөлшері 3,2 миллиард долларға жетті.

2022 жылдан бастап кен орнында 190 мың тонна мыс, оның ішінде 20 мың тонна катодты мыс өндіріледі деп жоспарланып отыр. Кешенде жалпы 3 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Кәсіпорында озық технологиялар, соның ішінде жасанды интеллектіге негізделген бағдарламалар кеңінен қолданылады.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button