Ағымдағы жылдың маусым айының басында «Қарасора-2021» жедел профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында Семейлік полицейлерге 34 жастағы еш жерде жұмыс істемейтін қала тұрғынының есірткі затын сатумен айналысатыны туралы мәлімет келіп түседі. Ақпаратты нақтылау мақсатында құрамына есірткімен күрес бөлімі және криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері кіретін арнайы жедел топ құрылды.
“Полиция тарапынан жүргізілген ұтымды әрекеттердің арқасында ақпарат расталып, күдікті тұлға 31 жастағы қала тұрғынына аса ірі көлемде есірткі зат сатып жатқан жерінен құрыққа түсті. Тінту кезінде оның барсеткасынан жалпы салмағы 64,54 грамм есірткі зат «гашиш» табылып, тәркіленді. Күдіктінің тұрғылықты жеріне жүргізілген тінту жұмыстары кезінде жедел қызмет тобымен ер адамның сарайынан қара политиленге салынған 124 полимерге және 20 қағазға оралып, ұсақ бөліктерге бөлінген жалпы салмағы 6 келі 901 грамм есірткі заты табылды. Оның 3 келі 879 грамы «гашиш», 3 келі 102 граммы «кептірілген марихуана» есірткі заты болып шықты”, – деді Семей қалалық полиция басқармасының бастығы Шалқар Құнанбаев.
Арасы көп ұзамай Семейлік полицейлер құрған торға заңсыз есірткі затын сақтаумен шұғылданған тағы бір тұлға түседі. Заң аясында жүргізілген тінту шаралары кезінде 41 жасар ер адамның тұрғылықты мекенінен жалпы салмағы 963 грамм «гашиш» есірткісі табылады.
Есірткі қылмысына қатысы бар деген күдікпен ұсталған екі тұлға да қамауға алынды. Қазырғы уақытта олардың есірткіні қайдан алғанын, кімдер жеткізгенін, қашаннан бері заңсыз әрекетпен айланысқандығын анықтау бағытында тергеу амалдары жүргізілуде.
Semey News