Ұлт денсаулығы – қуатты елдің іргетасы: «Әділет» партиясы медицина саласының өзекті мәселелерін талқылады

Онкологиялық ауруларды ерте анықтау, заманауи емдеу технологияларын дамыту және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру – адам өмірін сақтаудағы маңызды міндеттер. Осы мәселелер «Әділет» партиясы өкілдерінің Ядролық медицина және онкология орталығының ұжымымен кездесуінде талқыланды.
Кездесуге партия мүшелері Саят Танатаров, Алмас Әділбеков, Ернар Тоқтаров, Ербол Түскенов және Сабыржан Букашев қатысты. Саят Танатаров денсаулық сақтау саласындағы басты міндеттердің бірі – онкологиялық ауруларды ерте анықтау және тұрғындардың сапалы медициналық көмекке уақытылы қол жеткізуі екенін атап өтті.
«Онкологиялық аурулармен күресте уақыттың маңызы ерекше. Ауруды ерте анықтау, дәл диагностика жасау және тиімді емдеу тәсілдерін қолдану науқастың өміріне тікелей әсер етеді. Сондықтан заманауи медициналық технологияларды дамыту мен мамандардың кәсіби әлеуетін қолдау қатар жүруі керек», – деді ол.
Алмас Әділбеков медициналық инфрақұрылымды жаңғырту мен медицина қызметкерлеріне жағдай жасаудың маңызын атап өтті.
«Денсаулық сақтау саласының дамуы тек жаңа ғимараттар мен жабдықтарға байланысты емес. Оның негізінде білікті маман, сапалы қызмет және адамға деген жауапкершілік тұруы керек. Әрбір тұрғын тұрғылықты жері мен әлеуметтік жағдайына қарамастан қажетті медициналық көмекті уақытылы алуға тиіс», – деді ол.
«Әділет» партиясының 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасында денсаулық сақтау саласын дамытуға ерекше басымдық берілген. Атап айтқанда, 2031 жылға қарай өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа жеткізу, Семей қаласында 300 орындық облыстық көпбейінді аурухана мен 200 орындық балалар ауруханасын салу жоспарланған.
Сонымен қатар Аягөз аудандық ауруханасында МРТ орналастыруға арналған қосымша ғимарат құрылысын аяқтау, Үржар аудандық ауруханасы базасында тері арқылы коронарлық араласу орталығын ашу және Жаңасемей ауданының сегіз ауылында медициналық нысандар салу көзделген.
Кездесу барысында орталық ұжымы өзекті мәселелер мен ұсыныстарын ортаға салып, медицина саласын дамыту жөнінде пікір алмасты. Партия өкілдері медициналық қызметкерлердің еңбегін қолдау және тұрғындарға сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру бағытындағы міндеттердің маңызын атап өтті.
Дайындады: «Әділет» партиясы Абай облыстық филиалының баспасөз қызметі.
Тапсырыс беруші: Ибраев А.М.
Абай облысы мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді



