Абай облысыТОП

Бородулиха ауданында әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы жұмыстар жалғасуда

Бородулиха ауданында әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша оң динамика сақталып, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс және инфрақұрылым салаларында бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Бородулиха ауданының әкімі Талғат Мұратов мәлімдеді.

2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында ауданда өнеркәсіп өнімінің көлемі 60,2 млрд теңгені құрады. Негізгі капиталға инвестиция тарту көрсеткіші де өсіп, инвестициялардың нақты көлем индексі 141%-ды құрады. Құрылыс саласында да оң көрсеткіштер қалыптасып, бірқатар нысандар бойынша жұмыстар атқарылуда.

Ауыл шаруашылығы саласында биыл 360,9 мың гектар алқапта егін жинау жұмыстары жүргізілді. Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды жинау толық аяқталып, 149 мың тонна астық бастырылды. Сонымен қатар шаруашылықтардың техникалық базасын жаңарту жұмыстары жалғасып, жыл басынан бері 71 бірлік техника мен жабдық сатып алынды.

– Бүгінде ауданның негізгі экономикалық бағыттарында тұрақты өсім қалыптасып отыр. Ауыл шаруашылығын дамыту, өндіріс көлемін арттыру және инфрақұрылымды жақсарту бойынша жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырамыз. Басты мақсатымыз – елді мекендердің әлеуетін арттырып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау, – деді аудан әкімі.

Инфрақұрылым бағытында автомобиль жолдарын жөндеу, сумен жабдықтау және тұрғын үй құрылысы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Биыл жалпы ұзындығы 10,6 шақырым болатын жол учаскелерін жөндеу жұмыстары атқарылуда.

Переменовка ауылындағы сумен жабдықтау жүйесінің дайындық деңгейі 98%-ға жетті. Жоба аясында 34 шақырым су құбыры тартылып, 165 тұрғын үйге су желісі жеткізілді.

Сонымен қатар ауданда тұрғын үймен қамтамасыз ету және цифрлық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасуда. 2026 жылы 2313 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ауылдық елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету жобасы 22 елді мекенді қамтиды.

Алдағы уақытта ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын сақтау, инфрақұрылымды жаңарту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button