Абай облысыТОП

Облыс әкімі Курчатов қаласы тұрғындарымен кездесті

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Курчатов қаласы тұрғындарымен кездесіп, өңірдің және қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы халыққа есеп берді.

Жиында алдымен Курчатов қаласының әкімі Болат Әбдіралиев шаһардың 2025-2026 жылдардағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндады. Аймақ басшысы Курчатов қаласы экономикасының негізгі көрсеткіштеріне тоқталып, жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жайында айтты.

Курчатов – өңірдің ғылыми және өндірістік әлеуетінде ерекше орны бар қала. Мұнда Ұлттық ядролық орталық жұмыс істейді. «Ғылыми қалашық» ұғымының заңнамалық деңгейде бекітілуі Курчатовтың ғылыми әлеуетін одан әрі дамытуға жаңа мүмкіндік береді.

Қалада бірқатар ірі инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарланған. Соның бірі – қуаты 700 МВт көмір конденсациялық электр станциясының құрылысы. Жобаның құны 759 млрд теңге, іске асқан кезде 400 жұмыс орны құрылады. Сондай-ақ, 162,6 млрд теңгеге аммиак пен карбамид өндіретін көмірді терең өңдеу зауытын салу жоспарланып отыр.

Ауыл шаруашылығы саласында Курчатов қаласы бойынша биылғы сегіз айда 386,5 млн теңгенің өнімі өндірілді. Қаладағы егіс алқабы 61 гектарды құрайды. Қазіргі уақытта 1,3 мың тонна картоп және 292 тонна көкөніс-бақша өнімі жиналды. Сонымен қатар 2030 жылға дейінгі өңірлік инвестициялық жобалар картасы аясында Курчатовта құны 200 млн теңге болатын көкөніс сақтау қоймасын салу көзделген.

Қаланың инженерлік инфрақұрылымын жаңарту бағытында да тиісті жұмыс жүргізілуде. Курчатовтағы су құбырларының жалпы ұзындығы 98,9 шақырым, желілердің тозу деңгейі 87 пайыз. Қаланың бір шағын тұрғын ауданын сумен қамту үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленді. Оны жүзеге асыруға қажетті қаражатты келесі жылдың бюджетінде қарастыру жоспарланып отыр.

Жол инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда. Былтыр Курчатов қаласындағы 42 шақырым көшені қайта жаңғырту басталды. Сондай-ақ, тұрғындардың ұсынысы ескеріліп, «Семей – Курчатов» әлеуметтік маңызы бар қалааралық автобус бағытын субсидиялауға облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Дегелең станциясының теміржол вокзалы жаңғыртудан өтіп, пайдалануға берілді.

Тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі де назарда. Қазіргі уақытта Курчатов қаласында тұрғын үй кезегінде 349 азамат тұр. Биыл халықтың әлеуметтік осал топтары үшін қалада 53 жалдамалы пәтер сатып алу көзделген.

Білім беру саласында биыл Курчатовтағы №1 және №2 мектептерде 33,5 млн теңгеге жөндеу жүргізілді. Қаладағы төрт мектепке жаңа жиһаздар мен моноблоктар сатып алынды. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен №2 жалпы білім беретін орта мектепте заманауи әмбебап оқу кабинеттері жабдықталды.

Денсаулық сақтау саласында Курчатов қалалық ауруханасы ғимаратының үш қабатын күрделі жөндеуге 197 млн теңге қарастырылған. Жұмыстарды қазан айының соңына дейін аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар тұрғындарға медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында қалалық ауруханаға Jac Sunray маркалы жаңа санитариялық автокөлік табысталды.

Аймақ басшысы Курчатовтың стратегиялық маңызы мен ғылыми әлеуетіне тоқталып, қаланы дамыту жұмыстары жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.

«Өңіріміздегі маңызды мәселелерді талқылап, атқарған жұмысқа есеп беріп, жоспармен бөлісу мақсатында өздеріңізбен кездесуге келіп отырмын. Өздеріңіз білесіздер, бұл Курчатовқа алғаш рет келуім емес. Осыған дейін бірнеше рет арнайы келіп, әлеуметтік нысандарды аралап, қаланың тыныс-тіршілігімен таныстым. Биылдың өзінде төртінші рет келіп отырмын. Курчатов – шағын болса да стратегиялық маңызы бар қала. Мұндағы негізгі кәсіпорын – Ұлттық ядролық орталық жетекші елдермен бірлесіп, атом саласындағы бірқатар жобаларды іске асыруда. Қаланы көркейту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра береміз», – деді Берік Уәли.

Кездесу соңында тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Аймақ басшысы көтерілген мәселелер мен ұсыныстар назарға алынып, жауапты мекемелер тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілетінін айтты.

Облыс әкімі кездесудің алдында қала тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауда Семей ядролық сынақ полигоны аумағындағы «Шаған» нысаны орналасқан жерде заманауи ғылыми-білім беру және туристердің келу орталығын құру туралы ұсыныс айтылды. «Ядролық технологиялар паркі» АҚ басқарма төрағасы Жанат Байғазинов жобаның қажетті инфрақұрылымын жасауға полигон аумағында жұмыс істейтін жер қойнауын пайдаланушы компанияларды тартуға қолдау көрсетуді сұрады.

Облыс әкімінің азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдауының алдында басқарма басшылары Курчатов тұрғындарын қабылдап, сауалдарына жауап берді.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button