Бесқарағай ауданында жаңғыртылған «Шығармашылық үйі» ашылды

Бесқарағай ауданының орталығында балалар мен жастардың шығармашылық, техникалық және спорттық қабілеттерін дамытуға арналған жаңа «Шығармашылық үйі» пайдалануға берілді. Нысанның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Мейірлан Раханов, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрайымы, Қазақстан Халық кеңесі төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева, Қазақстан Халық кеңесінің мүшелері Нұртай Сабильянов, Думан Орынбеков пен Мерей Қарт қатысты.
Қонақтар «Шығармашылық үйін» аралап, балаларға арналған үйірмелер мен кабинеттердің жұмысымен танысты.
«Шығармашылық үйінде» балалардың жан-жақты дамуына қажетті заманауи жағдай жасалған. Мұнда «Art-Studio», қыш шеберханасы, тігін және «MediaStudio» кабинеттері, сондай-ақ «RoboticsLab», робототехника және «FabLab» бағыттары жұмыс істейді. Балалардың спортпен шұғылдануына да мүмкіндік қарастырылған. Спорт залында асық ату және садақ ату үйірмелері ұйымдастырылған.
Нысан «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен «QH Жасампаз ұрпақ» жобасы аясында жаңғыртылды. Қазіргі таңда орталықта 400 бала қосымша біліммен қамтылған. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 1000 балаға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Жаңа шығармашылық кеңістік ауыл балаларының бос уақытын тиімді өткізуіне, өз қызығушылықтарын дамытуына және жаңа дағдыларды меңгеруіне мүмкіндік береді.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ



