Абай облысыТОП

Абай облысында табиғи монополия субъектілері жаңғыртуға 115 млрд теңгеден астам қаржы бағыттайды

Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, тарифтерді бақылау және тозған желілерді жаңарту өңірдегі табиғи монополиялар саласындағы негізгі бағыттардың бірі болып отыр.

Бұл туралы РСК алаңында өткен брифингте Абай облысы бойынша Табиғи монополияларды реттеу комитеті департаменті басшысының орынбасары Әлі Абуталипов мәлімдеді.

Оның айтуынша, бүгінде өңірде 36 табиғи монополия субъектісі бар. Оның сегізі бес жылдық кезеңге есептелген ұзақ мерзімді тарифтер бойынша жұмыс істейді. Бұл кәсіпорындар бойынша негізгі қорларды жаңғырту, қайта жаңарту және жаңарту бағыттарын қамтитын инвестициялық бағдарламалар бекітілген.

– Бес жылдық кезеңге арналған ұзақ мерзімді инвестициялық бағдарламалар бойынша инвестициялардың жалпы көлемі 115,3 млрд теңгені құрайды. Қаражат табиғи монополия субъектілерінің негізгі қорларын жаңғыртуға, қайта жаңартуға және жаңартуға бағытталады, – деді Әлі Абуталипов.

Қалған 28 кәсіпорын шағын қуатты табиғи монополия субъектілеріне жатады. Бұл ретте барлық субъектілердің қызметі, оның ішінде бекітілген тарифтер мен тарифтік сметалардың сақталуы бейінді департаменттің бақылауында.

Ведомство басшысының орынбасары атап өткендей, 2026 жылдың III тоқсанының қорытындысы бойынша 15 табиғи монополия субъектісіне қатысты әкімшілік істер қозғалған.

– Бақылау-қадағалау функциялары аясында 15 табиғи монополия субъектісіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы 18 іс қозғалды. Бұл шаралар табиғи монополиялар саласындағы заңнама талаптарының бұзылғаны анықталған жағдайда қабылданады, – деді спикер.

Сонымен қатар, 20 субъект бойынша уақытша өтемдік тарифтер бекітілді. Олардың жалпы сомасы 183,2 млн теңгені құрады. Сондай-ақ департамент реттеліп көрсетілетін бірқатар қызметтер бойынша негізсіз алынған кіріс сомаларын есептеген.

Тарату желілері арқылы су беру қызметі бойынша негізсіз алынған кірістің жалпы сомасы 71,7 млн теңгені құрады. Су бұру қызметі бойынша бұл көрсеткіш 1,6 млн теңге, ал жылу энергиясын өндіру, беру, тарату және жабдықтау қызметтері бойынша 25,2 млн теңгені құрады, – деп атап өтті Әли Абуталипов.

Департамент табиғи монополия субъектілерінің тарифтік сметаларды орындауына да ерекше назар аударады. Оларды бұзу әкімшілік шараларға және тариф деңгейін қайта қарауға әкелуі мүмкін.

– Тарифтік сметалардың орындалмауы табиғи монополия субъектілері тарапынан жиі кездесетін негізгі бұзушылықтардың бірі. Бұл әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады, сондай-ақ тарифті төмендетуге негіз болуы мүмкін, – деді департамент басшысының орынбасары.

Сонымен қатар, өңірде «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бірқатар жобалар іске асырылуда. Абай облысында жылумен, сумен жабдықтау және электр желілері шаруашылығының ірі нысандарын жаңарту көзделген.

– «Теплокоммунэнерго» МКК бойынша жалпы сомасы 27 млрд теңгені құрайтын 13 жобаны, «Семей су арнасы» МКК бойынша 12 млрд 860 млн теңгеге бес жобаны, «БЭСК» АҚ бойынша 42 млрд теңгеге жеті жобаны іске асыру көзделген. Жекелеген бағыт Семей қаласының жылумен жабдықтау жүйесін жаңғыртуға қатысты. «Теплокоммунэнерго» МКК жылу желілері мен жылумен жабдықтау нысандарын жаңарту бойынша тоғыз инвестициялық жобаны іске асыруға өтінім берді. Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінуде. Инвестициялық жобаларды іске асыру толық көлемде жалғасуда. Бұл шаралар инженерлік желілердің тозу деңгейін төмендетуге және тұтынушылар үшін қызметтердің сенімділігін арттыруға бағытталған, – деп қорытындылады Әли Абуталипов.

АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӨҢІРЛІК КОММУНИКАЦИЯЛАР ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button