Семей қаласындағы жаңа әкімшілік-іскерлік орталыққа инженерлік инфрақұрылым жеткізу мәселелері талқыланды

Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен Семей қаласының дамуына қатысты жиын өтті. Онда жаңа әкімшілік-іскерлік орталықтың инженерлік инфрақұрылымы және «Абайға құрмет» акциясы аясындағы жобалардың жүзеге асырылу барысы қаралды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша құрылыс, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармаларының басшылары мен Семей қаласының әкімі Әділет Қожанбаев баяндады.
Жиында әкімшілік-іскерлік орталықты инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды. Мұнда магистральдық және кварталішілік су құбыры мен кәріз желілерін тарту, жаңа су жинау құрылысын, қуаты 40 Гкал/сағ қазандық пен магистральдық жылу желісін, ұзындығы 25 шақырымды құрайтын 6 көше салу, сондай-ақ, электрмен жабдықтау үшін жаңа қосалқы станция мен электр жеткізу желілерін жүргізу жоспарланған.
Аймақ басшысы инженерлік инфрақұрылым құрылысы жаңа нысандармен қатар жүруі тиіс екенін атап өтті.
Ең негізгі мәселе – әкімшілік іскерлік орталығындағы құрылыс нысандарының инженерлік инфрақұрылымдық желілері. Яғни, жол, су, жылу, электр қуаты, кәріз желісі. Бұлардың жұмысы нысандардың құрылысымен қатар жүргізілуі керек, – деді Берік Уәли.
Жиында сонымен қатар «Абайға құрмет» акциясы аясындағы жобалардың іске асыру барысы пысықталды. Қазіргі таңда «Абайға құрмет» акциясы аясында Семейдің әр аумағында бірқатар жаңа нысандар салынып жатыр. Тамыз айында Бейбітшілік аралында Солтүстік Қазақстан облысының тартуы Рәміздер алаңы мен Ұшақтар кентінде Батыс Қазақстан облысы мен Абай облысы әкімдігінің бірлескен жобасы дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Жаңа әкімшілік-іскерлік орталықта Маңғыстау облысының сыйлығы – Достық үйі, Шымкент қаласының тартуы – Шығармашылық орталығы, Алматы қаласының сыйлығы – Медиа орталығы, Павлодар облысының тартуы – Үстел теннисі орталығы, Түркістан облысының сыйлығы Көрме орталығы салынып жатыр. Қаланың сол жағалауында Ақтөбе облысының сыйлығы – Жекпе-жек сарайы бой көтеруде.
Сонымен қатар Қызылорда облысы «Анаға тағзым» ғимаратын, Атырау облысы «Абай әлемі» орталығын, Қостанай облысы Руханият орталығын, Астана қаласы 1500 орындық мектеп салуды жоспарлап отыр.
Акцияны ірі компаниялар мен қоғамдық қорлар да қолдап отыр. «KAZ Minerals» компаниялар тобы жаңа шағын ауданда үлкен стадион құрылысын бастады. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Мирный кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Инклюзивті спорт орталығының құрылысын бастады. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Аягөз қаласында, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Үржар ауданында осындай спорт кешендерін салуды жоспарлап отыр. Жақында Семейде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ сыйлығы – Болашақ сарайының құрылысы басталады.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ



