Абай облысында сайлау учаскелері өз жұмысын бастады

Бүгінгі таңда сайлаушылар саны 402 408 адамды құрайды. Аталған сайлаушылар тізімі тиісті акт бойынша учаскелік сайлау комиссияларына тапсырылды.
Облыс бойынша барлығы 464 сайлау учаскесі құрылды. Оның 429-ы – ашық, 35-і – жабық сайлау учаскесі.
Барлық сайлау учаскелері қажетті материалдық-техникалық құралдармен 100 пайыз қамтамасыз етіліп, жұмысқа толық дайын.
Құрылтай депутаттарын сайлауды өткізуге барлығы 477 сайлау комиссиясы жұмылдырылады. Оның ішінде 1 облыстық, 12 аумақтық және 464 учаскелік сайлау комиссиясы бар. Комиссия құрамында 3261 мүше жұмыс істейді. Олардың 91,01 пайызының сайлау процесін өткізу тәжірибесі бар. Комиссия құрамында бос орын жоқ.
Сайлау учаскелерінің мүгедектігі бар азаматтар үшін қолжетімді болуы – басты назарда. Дауыс беру кезінде ерекше жағдайларды қажет ететін сайлаушылардың деректері нақтыланды. Олардың саны 2194 адамды, яғни жалпы сайлаушылар санының 0,5 пайызын құрайды.
Барлық 429 ашық сайлау учаскесі (100%) пандустармен жабдықталған. Оның 397-сінде түрлі тактильді көрсеткіштер орнатылған.
Дауыс беру күні азаматтардың тіркелген жері бойынша орналасқан сайлау учаскелеріне қосымша мобильді пандустар қойылады.
Сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды тасымалдау үшін 29 инватакси, бұдан бөлек 5 елді мекенде тағы 9 инватакси жұмылдырылады.



