Абай облысында су қоры суару маусымына жеткілікті

Абай облысындағы ірі су қоймаларында 2,12 млрд текше метр су жинақталған. Бұл олардың жобалық көлемінің 89,2%-ын құрайды. ҚР Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөніндегі Ертіс бассейндік инспекциясы РММ басшысы Медет Жәдігерұлының айтуынша, қолда бар су қоры биылғы суару маусымында ауыл шаруашылығы өндірушілерінің қажеттіліктерін қамтамасыз етуге жеткілікті.
Биыл Абай облысы бойынша Ертіс өзені бассейніндегі тұрақты суару мақсаттарына арналған су пайдалану лимиті 170 млн текше метр көлемінде бекітілді. Медет Жәдігерұлының хабарлауынша, су пайдаланушылардың алдын ала мәліметтері бойынша суармалы жерлердің көлемі 15 314 гектарды, ал су алу көлемі 67,2 млн текше метрді құраған.
– Бүгінде облыстағы ірі су қоймаларында 2,12 млрд текше метр су жинақталған, бұл олардың жобалық көлемінің 89,2%-ына тең. Шүлбі су қоймасында 2,1 млрд текше метр немесе жобалық көлемнің 91,4%-ы, Шар су қоймасында 20 млн текше метр немесе 25,5%-ы бар. Қолда бар су қоры биылғы суару маусымындағы қажеттіліктерді қамтамасыз етуге жеткілікті, – деді Медет Жәдігерұлы.
Сонымен қатар су ағынының қалыптасуына қатысты жағдай бақылауда. Инспекция гидрологиялық жағдайды, су келімінің болжамын және ауыл шаруашылығы өндірушілерінің қажеттіліктерін ескере отырып, су қоймаларының жұмыс режимін реттеп отырады.
– Мұндай режим гидрологиялық жағдайдың өзгерістеріне жедел ден қоюға және тұтынушыларға судың тұрақты берілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге тамыз айында Шүлбі су қоймасына келетін бүйірлік ағындардың су мөлшері орта есеппен нормадан 63%-ға төмен болады деп күтілуде, – деп атап өтті спикер.
Инспекция белгіленген лимиттердің сақталуына және суды заңсыз пайдалануға жол бермеуге де ерекше назар аударады. Бас прокуратурамен бірлесіп әзірленген суды заңсыз сату мен сатып алудың алдын алуға бағытталған Жол картасы аясында мамандар су пайдалану лимиттерінің сақталуын күнделікті тексеріп, сондай-ақ шартсыз және рұқсатсыз су алу жағдайларын анықтайды.
– 2026 жылдың өткен кезеңінде инспекция тарапынан бес тексеру жүргізіліп, олардың қорытындысы бойынша су заңнамасының бес бұзушылығы анықталды. Жалпы сомасы 432 500 теңге болатын төрт әкімшілік айыппұл салынды. Тағы бір материал сотқа жолданды, – деді Медет Жәдігерұлы.
Оның айтуынша, мамандар тұрғындардың өтініштеріне, бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдарға және әлеуметтік желілердегі хабарламаларға да жедел ден қояды. Келіп түскен әрбір сигнал бойынша оқиға орнына шығу ұйымдастырылып, нәтижесінде тиісті шаралар қабылданады.
Сондай-ақ спикер Ертіс өзеніндегі су жіберудің қазіргі көлеміне қатысты түсініктеме берді.
– Ертіс өзенінің арнасы Шүлбі су қоймасы арқылы реттеледі. Бүгінде екі ай бойы Шүлбі су қоймасынан секундына орта есеппен 700 текше метр су жіберілуде. Ертіс су қоймалары каскадын пайдалану қағидаларына сәйкес, жаз мезгіліндегі ең төменгі су шығыны секундына 650 текше метрді құрайды. Яғни қазіргі су шығыны белгіленген ең төменгі деңгейден сәл жоғары. Бұл көлем экологияның, экономика салаларының және кеме қатынасының қажеттіліктерін қамтамасыз етеді, – деп қорытындылады Медет Жәдігерұлы.



