Абай облысыТОП

Аягөз аудандық ауруханасынан жанынан заманауи МРТ бөлімі салынды

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Аягөз аудандық көпсалалы орталық ауруханасы жанынан салынған магниттік-резонанстық томография бөліміне барды.

Аймақ басшысына заманауи магниттік-резонанстық томография аппаратын орналастыруға арналған жапсарлас ғимарат пен медициналық құрылғы таныстырылды. Маңызды жоба арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен жүзеге асырылды.

Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталған. Нысанды пайдалануға беру актісін тіркеу рәсімдері жүргізіліп жатыр.

МРТ бөлімі іске қосылғаннан кейін Аягөз ауданының тұрғындары облыс орталығына бармай-ақ, жергілікті жерде жоғары технологиялық тексеруден өте алады. Мұнда көршілес Үржар, Мақаншы және Ақсуат аудандарының, сондай-ақ, еліміздің өзге өңірлерінің тұрғындарына медициналық қызмет көрсетіледі.
Аягөз ауданының өзінде жыл сайын 1500-ге жуық адам МРТ зерттеуіне жүгінеді.

Мұндай бөлім облыстағы аудандардың ішінде алғаш рет Аягөз ауданында ашылып отыр. Мамыр айынан бері 70-тен астам адам МРТ-ға түскен екен. Енді бірнеше ауданның халқы қалаға бармай-ақ осы жерге келетін болады. Ең бастысы, халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетілуі керек, – деді облыс әкімі.

Аурухана дәрігерлері жаңа нысанның салынғанына ризашылықтарын жеткізді.

Мен осы ауруханадағы жасы ең үлкен дәрігермін. Еңбек өтілім – қырық алты жыл. Біз еңбек ете бастаған кез бен қазіргі аурухананың айырмасы жер мен көктей. «Елу жылда ел жаңа» дегендей, қазір инсульт желісі, кардиологиялық орталық, әйелдерге қызмет көрсету бөлімі, сондай-ақ, былтыр 10 орындық реанимация бөлімі ашылды. Енді міне, МРТ бөлімі ашылып отыр. Аудандық аурухана үшін бұл үлкен жетістік. Осының барлығы көңілге қуаныш ұялатады, – дейді Аягөз аудандық ауруханасының сарапшы-дәрігері Роза Маңғызбаева.

Айта кетейік, былтыр «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында Аягөз аудандық ауруханасы жанынан 10 төсектік реанимация бөлімі ашылған болатын.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button