Абай облысыТОП

Кеңейтілген аппараттық кеңес өтті

Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасына енгізілген өзгерістер және өңірдегі эпизоотиялық жағдай және оны тұрақтандыру мәселелері қаралды. Кеңеске қала және аудан әкімдері, басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша мемлекеттік қызмет істері агенттігі Абай облысы бойынша департаментінің басшысы Руслан Шарипов, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұржан Ноғайбаев және ветеринария басқармасының басшысы Ержан Барышев баяндады.

2026 жылғы 1 шілдеден бастап «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заң күшіне енді. Құжат мемлекеттік қызмет жүйесін одан әрі жетілдіруге, оның тиімділігін арттыруға және азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.

Заңның басты жаңашылдықтарының бірі – мемлекеттік қызметтің сервистік моделіне көшу. Яғни, мемлекеттік қызметшілердің жұмысы ең алдымен азаматтардың қажеттілігіне бағдарланып, қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, артық бюрократиялық кедергілерді азайтуға басымдық беріледі.
Сондай-ақ, мемлекеттік аппараттың кәсібилігін арттыру мақсатында кадрлық процестерді толық цифрландыру көзделген. Енді мемлекеттік қызметке іріктеу «е-Қызмет» ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіліп, барлық конкурс ашық әрі әділ форматта ұйымдастырылады.

Заңда жас әрі талантты мамандарды мемлекеттік қызметке тартуға ерекше көңіл бөлінген. Осы мақсатта мемлекеттік қызметке дейінгі даярлау институты енгізіліп, болашақ қызметкерлердің кәсіби құзыреттерін дамытуға бағытталған арнайы оқыту жүйесі қарастырылған.

Заң мемлекеттік қызметшілердің кәсіби дамуына, ашық әрі тиімді кадрлық саясатты қалыптастыруға, сондай-ақ, құқық бұзушылықтардың алдын алу жүйесін жетілдіруге бағытталған жаңа тетіктерді де қамтиды. Бұл өз кезегінде мемлекеттік аппараттың ашықтығын арттырып, қоғамның мемлекеттік қызметке деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.

Аймақ басшысы жауапты мемлекеттік органдарға жаңа редакциядағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы» Заңы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарын мемлекеттік қызметшілерге түсіндіруді, олардың сақталуын тұрақты бақылауда ұстауды, сондай-ақ, Әдеп кодексі талаптары мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытындағы профилактикалық жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

Бүгінде мемлекеттік қызметтің тиімділігі ең алдымен әрбір мемлекеттік қызметшінің кәсібилігіне, заң талаптарын қатаң сақтауына және қоғам алдындағы жауапкершілігіне байланысты. Жаңа заңнамалық өзгерістер тек жауапкершілікті күшейтуге ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік қызметтің беделін арттыруға, азаматтарға бағдарланған мемлекеттік аппарат қалыптастыруға бағытталған. Сондықтан барлық мемлекеттік органдар қабылданған өзгерістерді сапалы іске асырып, әрбір қызметкерге олардың талаптарын жан-жақты түсіндіруі қажет, – деді Берік Уәли.

Облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше, өңірде аса қауіпті аурулардың алдын алу мақсатындағы ветеринариялық-профилактикалық және диагностикалық іс-шаралар бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Биыл құтыруға қарсы ауыл шаруашылығы және жабайы жануарларды вакцинациялау, диагностикалық зерттеулер жүргізу, ауру ошақтарында сауықтыру және дезинфекциялау жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар, жабайы жануарлар арасындағы эпизоотиялық жағдайға тұрақты мониторинг жүргізіліп, халық арасында ақпараттық-түсіндіру шаралары ұйымдастырылуда.

Облыс әкімі ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – барлық жауапты мемлекеттік органдардың ортақ міндеті екенін атап өтті.

Бұл мәселелердің барлығы тек ветеринария немесе санитариялық қызметтің ғана міндеті емес. Әрбір аудан мен қала әкімдігі, салалық басқармалар мен аумақтық органдар өз құзыреті шегінде нақты нәтижеге бағытталған жұмысты қамтамасыз етуі тиіс, – деді аймақ басшысы.

Кеңес қорытындысы бойынша облыс әкімі құтыруға қарсы профилактикалық және эпизоотияға қарсы іс-шараларды күшейтуді, ауыл шаруашылығы және үй жануарларын вакцинациялау жұмыстарын толық орындауды, ветеринариялық-санитариялық талаптардың сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ, вакцина мен қажетті медициналық препараттар қорын тұрақты бақылауда ұстауды, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, жабайы жануарлар санына мониторингті жалғастыруды, қаңғыбас жануарларды аулау жұмыстарын жүйелі ұйымдастыруды және оларды уақытша ұстау пункттері мен панажайлар құру бойынша нақты шаралар қабылдауды міндеттеді.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button