Шомылу маусымындағы қауіпсіздік ерекше бақылауда

Абай облысында шомылу маусымы жалғасуда. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары күн сайын су айдындарында профилактикалық рейдтер өткізіп, қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылауда ұстап келеді.
Мамандар демалушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, рұқсат етілмеген орындарда шомылудың қауіптілігі туралы ескертуде. Облыс бойынша 16 мобильді және 30 жаяу патруль қызмет атқарады. Ертіс өзені, Аягөз, Ортабұлақ, Шүлбі су қоймалары мен Алакөл көлінде 100-ден астам құтқарушы кезекшілік етеді.
– Биыл сәуір айында Алакөлде жаңа құтқару бекеті мен құтқару модулі іске қосылды. Қазір мұнда құтқарушылар тәулік бойы жұмыс істейді. Көлде 5 құтқару қайығы мен 8 жаяу патруль қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Өкінішке қарай, шомылу маусымы басталғалы қауіпсіздік талаптарын бұзғандарға қатысты 9 әкімшілік шара қолданылды. Сондықтан тұрғындарды тек рұқсат етілген жағажайларда шомылуға, әсіресе балаларды қараусыз қалдырмауға шақырамыз, – деді Абай облысы ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Алмас Сүлейменов.
Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтап, тек рұқсат етілген орындарда шомылуға шақырады. Мамандардың айтуынша, балаларды су айдындары маңында қараусыз қалдырмау – қайғылы жағдайлардың алдын алудың басты кепілі.



