Абай облысы

Пауэрлифтингтен Азия чемпионы Курчатовта әскери ант қабылдады

Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарынан әскер қатарына шақырылған жас сарбаздар Ұлттық ұланның Курчатов қаласындағы 3514 әскери бөлімінде салтанатты түрде әскери ант қабылдады.

Рәсімге әскери бөлімнің басшылығы мен ардагерлері, сарбаздардың ата-аналары, құқық қорғау органдарының өкілдері және қала тұрғындары қатысты.
Ант қабылдағандардың қатарында пауэрлифтингтен Азия чемпионы Мирас Машгутов та бар. Павлодар қаласының тумасы әскерге дейін спортта елеулі жетістіктерге қол жеткізген. Ол жасөспірімдер арасында пауэрлифтингтен үш дүркін Қазақстан чемпионы атанған. 2024 жылы Гонконгта өткен 18 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионатында жеңімпаз атанса, 2025 жылы Ташкентте ұйымдастырылған классикалық және жабдықты пауэрлифтинг бойынша Азия чемпионатында қола жүлдені иеленген.

– Нағыз ер азамат – өзіне жауапкершілік алып, отбасын қорғай алатын адам. Отбасын қорғай алған жан Отанын да қорғай алады. Сондықтан Ұлттық ұлан сапында әскери ант қабылдау – мен үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік, – дейді қатардағы жауынгер Мирас Машгутов.

Алдағы бір жыл ішінде мерзімді әскери қызметшілер стратегиялық маңызы бар мемлекеттік нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жауынгерлік міндеттерді орындайды.
Салтанатты рәсімнен кейін сарбаздардың ата-аналары казарма үй-жайларын, асхананы және медициналық бекетті аралап, әскери бөлімнің тұрмыс-тіршілігімен танысты.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Осы айдарда

Back to top button