Абай облысы

Амнистия-2026: қандай салықтық және кедендік айыппұлдарға амнистия қолданылады

2026 жылғы 1 шілдедегі №329-VIII «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты амнистия туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, мемлекеттік кірістер органдары қарайтын құқық бұзушылықтарды қоса алғанда, әкімшілік жазалардан ауқымды түрде босату көзделген.

Әкімшілік амнистия Қазақстан Республикасының азаматтарына, жеке кәсіпкерлерге, жеке нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, адвокаттарға және заң консультанттарына салынған әкімшілік айыппұлдарды кешіруді көздейді.

Сонымен қатар, амнистия заңды тұлғаларға, лауазымды адамдарға, қандастарға, шетел азаматтарына және азаматтығы жоқ адамдарға қолданылмайды.

Сондай-ақ, амнистия сот тағайындаған әкімшілік айыппұлдарға, сондай-ақ азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құқық бұзушылықтарға қолданылмайды.

Мемлекеттік кірістер органдары қарайтын істер бойынша амнистия мынадай әкімшілік құқық бұзушылықтарға қолданылмайды:

  • ӘҚБтК-нің 275-бабы – салық есептілігінде көрсетілуге тиіс салық салу объектілерін және өзге де мүлікті жасыру;
  • ӘҚБтК-нің 277-бабы – есептелген (есептеліп шығарылған) салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтару;
  • ӘҚБтК-нің 278-бабы – салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер сомаларын төмендетіп көрсету.

Аталған құқық бұзушылықтардың амнистиядан тыс қалдырылуы олардың салық салу объектілерін жасырумен және салық міндеттемелерін орындаудан жалтарумен байланысты болуына, сондай-ақ мемлекет экономикасына елеулі залал келтіруіне байланысты.

Айыппұлдардан босату автоматты түрде жүзеге асырылады. Мемлекеттік кірістер органдары айыппұл салу туралы тиісті қаулылардың орындалуын өздігінен тоқтатады. Бұл істер бойынша атқарушылық іс жүргізулер де тоқтатылуға жатады.

Амнистияны іске асыру жөніндегі барлық шараларды орындау үшін мемлекеттік органдарға Заң күшіне енген күннен бастап алты ай мерзім берілген, яғни 2026 жылдың соңына дейін.

Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті

Осы айдарда

Back to top button