Семейлік ұландықтар Аягөздегі мерейтойдың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді

Аягөз қаласында ұлт руханиятының көрнекті өкілі, жыраулық өнердің заңғар тұлғасы Ақтамберді Сарыұлының 350 жылдық мерейтойына арналған ауқымды іс-шара өтпек. Мерекелік алаңда этноауыл жасақталып, киіз үйлер тігіліп, ат жарысы, қазақ күресі, садақ ату, аударыспақ сияқты ұлттық спорт ойындарымен қатар өнер жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт ұйымдастырылмақ. Іс-шараның қауіпсіздігін Ұлттық ұланның 5511 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшілері қадағалайды. Семейдегі әскери бөлімнің сексенге жуық әскери қызметшісі қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында 25-26 шілде күні ұйымдастырылатын мерекелік іс-шаралар өтетін орындарды қоршауға алып, екі күн бойы үздіксіз қызмет атқарады.
Еске салайық, өткенде Катонқарағайда «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық мәдени-музыкалық фестивалінің қауіпсіздігін «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердің сарбаздары қадағалап, ауыл тұрғындары мен шара қонақтары қауіпсіз жағдай жасалғанын ерекше атап өткен болатын.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі



