Облыс әкімі Бородулиха ауданының жаңа әкімін таныстырды

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Бородулиха ауданының активіне ауданның жаңа әкімін таныстырды.
Жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына тиісті өзгерістер енгізілді. Аталған өзгерістерге сәйкес облыстық маңызы бар қалалар мен аудандар әкімдерін сайлау институты жойылды. Қазіргі уақытта облыстық маңызы бар қалалар мен аудандардың әкімдерін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен облыс әкімдері тиісті мәслихаттардың келісімімен тағайындайды.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 25 бабына сәйкес ҚР Президент Әкімшілігінің, Бородулиха ауданы мәслихат депутаттарының келісімімен және облыс әкімінің өкімімен Бородулиха ауданының әкімі лауазымына Талғат Батырұлы Мұратов тағайындалды.
Айта кетейік, бұл – жаңа Конституция қабылданғаннан кейінгі Абай облысындағы алғашқы аудан әкімінің тағайындауы.
Талғат Батырұлы – мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі мол, білікті басшы. Бородулиха ауданы – облысымыздың маңызды стратегиялық аймақтарының бірі. Аграрлық экономикасы, орман шаруашылығы, тау-кен өндірісі салаларындағы әлеуеті жоғары өңір. Мұнымен қоса аудан шекералық аймақта орналасқандықтан оның әлеуметтік-экономикалық дамуы біздің басты назарымызда. Біз өңір экономикасын нығайтып, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту бағытында нақты жұмыс жасауымыз қажет. Сондықтан артылған сенімді ақтап, Бородулиха ауданының жұртшылығымен бірлесе отырып, осы ауданның одан әрі дамып, гүлденуіне бар күш-жігерін салып, аянбай қызмет етеді деп сенемін, – деді Берік Уәли.
Талғат Батырұлы Мұратов Алматы облысында дүниеге келген. Еңбек жолын бизнес құрылымдарда бастады. Әр жылдары Бесқарағай ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы, Жарма ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы, Жарма ауданы әкімінің орынбасары, Бесқарағай ауданы және Семей қаласының әкімі, облыс әкімінің кеңесшісі қызметін атқарды. 2026 жылдың ақпанынан бастап осы күнге дейін Бородулиха ауданы әкімінің орынбасары болды.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ



