«Қаладан – ауылға»: Бесқарағай ауданына қоныс аударушылар қатары артып келеді

Облыс әкімі Берік Уәлидің бастамасымен өңірде жүзеге асырылып жатқан «Қаладан – ауылға» жобасы – ауылдық елді мекендерді дамытуға, халық санын көбейтуге және білікті мамандарды тартуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Осы бастама аясында Бесқарағай ауданы өңірге қоныс аударушыларды қабылдап жатқан белсенді аудандардың қатарында.
Бесқарағай ауданына еліміздің әр өңірінен 41 отбасы, жалпы саны 135 адам көшіп келді. Оның ішінде 13 жас отбасы, 7 толық емес отбасы және 2 көпбалалы отбасы бар.
Қоныс аударғандар Семей, Астана, Алматы, Павлодар, Өскемен, Қарағанды, Қызылорда, Талдықорған, Ақсу, Екібастұз, Шортанды қалаларынан келген.
Көшіп келген барлық 41 отбасы тұрақты жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 16 отбасы жеке кәсіпорындарға жұмысқа орналастырылса, 25 отбасы мемлекеттік мекемелерде еңбек етуде. Олар орман шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, құқық қорғау, мемлекеттік басқару және төтенше жағдайлар салаларында қызмет атқаруда.
Бағдарламаны іске асыруға аудан кәсіпкерлері де белсенді қолдау көрсетуде. Атап айтқанда, «Қалиқанұлы» шаруа қожалығы мен «BI Agro Group» серіктестігі қоныс аударушыларды жұмыспен қамтуға және тұрмысқа бейімдеуге өз үлестерін қосып келеді. Олар облыс әкімінің бастамасын қолдап, тұрғындарды Бесқарағай ауданына қоныс аударуға шақыруда.
Жоба аясында халық саны азайып, мектептердің жабылу қаупі бар ауылдарға ерекше назар аударылып отыр. Атап айтқанда, Қоянбай, Кривинка, Башкөл және Жетіжар ауылдарына жаңа тұрғындарды тарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл елді мекендердің әлеуметтік өмірін жандандырып, білім беру ұйымдарының жұмысын сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Бесқарағай ауданында арнайы колл-орталық жұмыс істейді. Мамандар күн сайын қоныс аударуға ниет білдірген азаматтардың сауалдарына жауап беріп, көшу тәртібі, жұмыспен қамту, тұрғын үй және мемлекеттік қолдау шаралары жөнінде жан-жақты кеңес береді.
«Қаладан – ауылға» бастамасы – ауылдың әлеуетін арттыруға, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға бағытталған нақты қадам. Бесқарағай ауданы жаңа тұрғындарды құшақ жая қарсы алып, еңбек етіп, тұрақты өмір сүруге барлық қажетті жағдайды жасау бағытындағы жұмыстарды жалғастыра береді.
Айта кетейік, жоба басталған ақпан айынан бері облысқа 298 отбасы, яғни 966 адам қоныс аударды.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ



