Абай облысыТОП

Кеңейтілген аппараттық кеңес өтті

Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында Абай облысында жолаушылар тасымалын ұйымдастыру барысы және өңірдегі жастар саясатын іске асыру мәселелері қаралды. Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнережим арқылы қосылды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мерей Байырханов пен жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Олжас Бейсенбаев баяндады.

Қазір өңірде облысішілік, облысаралық және халықаралық бағыттарды қамтитын 26 автобус маршруты жұмыс істейді. Жыл басынан бері бұл бағыттар бойынша 38 833 жолаушы тасымалданған. 2025 жылдан бастап алғаш рет облысішілік әлеуметтік маңызы бар маршруттарды субсидиялауға қаржы бөлініп, Семей – Курчатов, Семей – Қарауыл, Семей – Жезкент, Семей – Ақсуат, Семей – Әуезов және Семей – Көкпекті бағыттары ашылды. Сонымен қатар Семей – Қайнар, Семей – Шүлбі және Семей – Бесқарағай бағыттары бойынша тасымалдауды ұйымдастыру конкурсы өткізіліп, нәтижесінде облыстың барлық аудандарын облыс орталығымен тұрақты автобус қатынасымен қамту жоспарланып отыр.

Семей қаласында 43 маршрутқа 329 автобус қызмет көрсетеді. Биыл 60 жаңа автобус сатып алынып, оның 45-і жолаушыларға қызмет көрсетуді бастады. Жыл соңына дейін тағы 20 автобус сатып алу жоспарланған. Сонымен қатар автобус қозғалысын бақылауға арналған арнайы коммуналдық мекеменің құрылуы нәтижесінде маршруттардың жүйелілік көрсеткіші 87 пайызға дейін артқан.

Өңірде әлеуметтік маңызы бар үш теміржол бағыты субсидияланып келеді. Семей және Үржар әуежайлары арқылы тұрақты әуе қатынасы ұйымдастырылған. Жазғы туристік маусымда Үржар бағыты бойынша рейстер саны аптасына беске дейін ұлғайтылған.

Аймақ басшысы жолаушылар тасымалы тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды сала екенін атап өтті.

Халықтың қауіпсіз, қолжетімді және тұрақты көлік қызметімен қамтамасыз етілуі – мемлекет саясатының негізгі бағыттарының бірі. Жалпы, жолаушылар тасымалы саласында белгілі бір оң нәтижелер бар. Жаңа маршруттар ашылып, әлеуметтік маңызы бар бағыттарды субсидиялау көлемі ұлғайтылуда, қоғамдық көлік паркі жаңартылып, цифрлық бақылау жүйелері енгізілуде. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасуы тиіс, – деді Берік Уәли.

Облыс әкімі жиында көлік басқармасына облыс орталығы мен тірек ауылдар арасындағы жолаушылар маршруттарының тұрақты жұмысын қамтамасыз етуді, тұрғындардың сұранысына сәйкес жаңа бағыттарды ашуды және оларды облыстық бюджет есебінен субсидиялау мәселесін пысықтауды тапсырды.

Абай облысында мемлекеттік жастар саясаты Президент бекіткен «Адал азамат», «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» идеологемалары, 2029 жылға дейінгі мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасы, 2030 жылға дейінгі әскери-патриоттық тәрбие тұжырымдамасы және өзге де стратегиялық құжаттар аясында жүзеге асырылуда.

Бүгінде облыста 147 982 жас тұрады. Бұл өңір халқының төрттен бір бөлігін құрайды. Жастармен жұмысты 13 жастар ресурстық орталығы қамтамасыз етеді.

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында жастарды жұмыспен қамту бағытында бірқатар жұмыс атқарылды. Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2,4 пайызды құрады. NEET санатындағы жастар саны жыл басымен салыстырғанда 444 адамға азайды. Экономикалық белсенді жастардың 97,5 пайызы жұмыспен қамтылған. Жыл басынан бері 2 511 жас жұмысқа орналастырылып, бос жұмыс орындары жәрмеңкелері, «Жастар практикасы», «Жасыл ел» және «Дипломмен ауылға» жобалары аясында жұмыс жалғастырылуда.

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында «Таза жағалау», «Тарихи ескерткіштерді тазалау», «Шоппер таңда» жобалары ұйымдастырылды. Бесқарағай ауданындағы Шипалы көл аумағында өткен акция барысында 20 тонна қоқыс шығарылып, 200-ге жуық адам жұмылдырылды.

2026 жылдың екінші жартыжылдығында «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты, республикалық «Abai Quiz», «ERTIS VOLUNTEER FORUM – 2026» және «Жас сайлаушылар мектебі» жобаларын жүзеге асыру жоспарланған.

Аймақ басшысы жауапты мемлекеттік органдар мен аудан-қала әкімдеріне жастарды жұмыспен қамту, NEET санатын азайту, жастар ресурстық орталықтарының жұмысын күшейту, волонтерлік қозғалысты дамыту, сондай-ақ, жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы шараларды жандандыруды тапсырды.

Жалпы, жастар саясаты бағытында бірқатар жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Дегенмен, жастармен жұмыс тек іс-шара өткізумен шектелмеуі тиіс. Ең бастысы – нақты нәтиже. Әсіресе, құқық бұзушылықтың, нашақорлықтың, лудоманияның, ерте жүктіліктің алдын алу, NEET жастар санын азайту және жұмыспен қамту мәселелері тұрақты бақылауда болуы тиіс. Жастар ресурстық орталықтарының жұмысы барлық аудан мен қалада бірдей деңгейде ұйымдастырылуы қажет, – деді Берік Уәли.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button