Абай облысыТОП

Абай облысында «Көктал-Алакөл» электр желісінің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Алакөл жағалауында жүзеге асырылып жатқан маңызды инфрақұрылымдық жобалармен танысты.

Аймақ басшысы әуелі «Көктал-Алакөл» электр желісінің құрылысын көрді. Жоба аясында қуаты 25 МВт болатын жаңа 110/35/10 кВ «Алакөл» қосалқы станциясы салынып, оған дейін Көктал қосалқы станциясынан ұзындығы 72,3 шақырым болатын жоғары кернеулі электр желісі тартылады. Бүгінде 355 тірек бағанасының 100-і орнатылып, құрылыс жұмыстары қарқынды жалғасуда.

Жобаның жалпы құны – 7,9 млрд теңге. Қазіргі уақытта қаржыландырудың негізгі бөлігі қамтамасыз етілген.
Бұл жоба Алакөл жағалауындағы электр қуаты тапшылығы мәселесін түбегейлі шешуге мүмкіндік береді.

Жұмыс кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Қазіргі станциялардың қуаттылығы – 25 МВт. «Көктал-Алакөл» электр желісінің құрылысы аяқталғанда қуаттылықты 40 МВт-қа дейін арттыруға болады, – дейді учаске бастығы Руслан Бүкенбаев.

Бүгінде жағалауды электрмен қамтып отырған «Қабанбай-1» және «Қабанбай-2» қосалқы станциялары шамадан тыс жүктемемен жұмыс істеп тұр. Мәселен, «Қабанбай-1» станциясының жүктемесі 150 пайызға, ал «Қабанбай-2» станциясының жүктемесі 105 пайызға жеткен. Қазіргі таңда бұл желілер арқылы 1361 абонент, оның ішінде жағалаудағы 329 демалыс орны электр қуатын пайдаланады.

Электрмен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттыру мақсатында биыл «Көктал» қосалқы станциясына жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ, апатты жағдайлардың алдын алу және электр энергиясын үздіксіз жеткізу үшін 9 заманауи реклоузер орнатылып, жағалаудағы электр желілеріне тұрақты қызмет көрсету жұмыстары жүргізілуде. Ерекше атап өтерлігі, көл жағалауында жарық беруші мекеме мамандары алты адаммен тәулік бойы кезекшілік атқаруда.

Алакөл жағасындағы ең көкейкесті, ең үлкен мәселенің бірі – электр қуатымен қамтамасыз ету болатын. Үнемі тоқ жетіспейді. Осы мәселені түбегейлі шешу үшін биыл соңғы 35 жылда алғаш рет Үкіметтің қолдауымен Арнаулы мемлекеттік қордан қаржы бөлінді. Салынып жатқан қосалқы станциялар туристік аймақты электр қуатымен толық қамтамасыз етеді деп сенеміз. 72 шақырымнан асатын электр желісін тарту – ауқымды жұмыс. Бұл жұмысты жылдың соңына дейін аяқтауымыз қажет, – деді Берік Уәли.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button