Абай облысыТОП

Абай облысында теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде

Бүгін Үкімет отырысында облыс әкімі Берік Уәли Абай облысындағы теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстарының барысы туралы баяндады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының вокзал инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында республика бойынша 124 вокзалды жаңғырту жұмысы басталған болатын. 12 маусым күні Бородулиха ауданының Ауыл және Белағаш ауылдарындағы теміржол вокзалдары қайта жаңғыртудан кейін елімізде алғаш болып пайдалануға берілді.

Жоба аясында Ауыл және Белағаш вокзалдарының ғимараттары кеңейтіліп, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары толық жаңартылды. Сондай-ақ су, кәріз, жылу, электрмен жабдықтау, желдету және кондиционерлеу жүйелері жаңғыртылып, перрондар қайта жөнделді. Іргелес аумақтар абаттандырылып, жолаушыларға қолайлы жағдай жасалды. Бұдан бөлек мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, қарт адамдар мен кішкентай балалары бар аналарға арналған арнайы инфрақұрылым қарастырылды.

Аймақ басшысы қалған сегіз вокзалдағы жаңғырту жұмыстарының құрылысы белгіленген кестеге сай жалғасып жатқанын айтты.

Қазіргі таңда Ақтоғай, Дегелең, Шар, Үшбиік, Жарма, Жалаңашкөл және Аягөз станцияларында құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Семей вокзалында құрылыс қарқыны күшейтіліп, нысанда екі ауысыммен жұмыс ұйымдастырылған.

Өңірдегі 8 вокзал бойынша құрылыс жұмыстары белгіленген мерзімдерге сәйкес қарқынды жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарының орындалу барысын бақылау мақсатында әкімдік тарапынан күнделікті мониторинг ұйымдастырылып, тұрақты түрде жүзеге асырылуда. Жобалардың іске асырылу барысы менің тікелей бақылауымда, – деді Берік Уәли.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button