Абай облысында мүліктен түсетін табысқа қатысты талаптар түсіндірілді

Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде жеке тұлғалардың мүлік табысына қатысты салық заңнамасы түсіндіріліп жатыр. Бұл туралы департаменттің Түсіндіру жұмыстары және байланыс орталығы басқармасының басшысы Асем Тұрлыбекова мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, жеке тұлғаның мүлік табысына құн өсімінен алынатын кіріс пен жеке кәсіпкер емес азаматтардың мүлікті жалға беруден түсетін кірісі жатады.
– Құн өсімі жылжымайтын мүлікті, көлік құралдарын, бағалы қағаздарды, цифрлық активтерді, заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы үлесті және өзге де мүлік түрлерін өткізу кезінде туындайды. Сондай-ақ талап ету құқығын беру кезінде де салық салу объектісі қалыптасады, – деді Асем Тұрлыбекова.
Оның айтуынша, жылжымайтын мүлікті сату кезінде кіріс сату бағасы мен бастапқы құн арасындағы оң айырма ретінде есептеледі.
– Егер тұрғын үй, саяжай, гараж, жер учаскесі немесе өзге де жылжымайтын мүлік меншік құқығы тіркелген күннен бастап екі жылдан аз уақыт иелікте болса, оны сату кезінде құн өсіміне салық салынады. Бұл ретте 2028 жылға дейін өтпелі норма қолданылады. Яғни, меншік құқығы 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін тіркелген мүлік үшін иелену мерзімі бір жыл болып есептелсе, кейін тіркелген нысандарға екі жылға талап қолданылады, – деді спикер.
Сонымен қатар Қазақстаннан тыс орналасқан жылжымайтын мүлік пен жекелеген өзге де мүлік түрлері бойынша құн өсімі иелену мерзіміне қарамастан есептеледі. Кейбір жағдайларда көлік құралдарын сату кезінде де салық міндеттемесі туындайды.
Брифингте жеке табыс салығы бойынша енгізілген өзгерістер де түсіндірілді.
– Биылдан бастап прогрессивті мөлшерлеме қолданылады. Салық салынатын кіріс 8 500 АЕК-ке дейін 10 пайыз мөлшерінде, ал осы сомадан асатын бөлігіне 15 пайыз мөлшерінде салық салынады. Бұл өзгеріс салық салу жүйесінің әділдігін арттыруға бағытталған, – деді басқарма басшысы.
Мамандардың мәліметінше, жеке табыс салығы декларация тапсырылғаннан кейін 10 күн ішінде төленуге тиіс. Ал 270.00 нысанындағы «Кірістер мен мүлік туралы декларация» келесі жылдың 15 қыркүйегінен кешіктірілмей ұсынылады.



