Абай облысында Мемлекеттік рәміздер күні аталып өтті

4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күніне орай Семей қаласында «Тұғырлы рәміз – тұрақты қоғам» атты салтанатты шара өтті. Патриоттық шараға мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың басшылары, ардагерлер, әскерилер, жастар, білім, мәдениет, спорт саласының қызметкерлері, қала тұрғындары жиналды.
Салтанатты шара Мемлекеттік Тудың көтеріліп, Әнұранның орындалуымен басталды. Жиналған қауым ел тәуелсіздігінің басты нышандары – Ту, Елтаңба және Әнұранға құрмет көрсетті.
Мерекелік жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Берік Уәли мемлекеттік рәміздердің ел бірлігі мен тәуелсіздігінің символы екенін атап өтті.
Баршаңызды Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекеттік рәміздер – елдіктің нышаны, ерліктің айғағы. Халқымыздың сан ғасырлық арпалысқа толы тарихы мен уақыттың қатал сынағынан өткен бай мәдениеті осы ұлттық бірегей белгілерде ерекше көрініс тапқан. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Ұлт рәміздері – Тәуелсіздігіміздің киелі бойтұмары. Елтаңба, Ту және Әнұран – мызғымас мемлекеттігіміздің белгісі. Қастерлі нышандарымыз Қазақстанның егемен ел, еңселі жұрт екенін жер жүзіне әйгілейді. Байрағы биік елдің рухы асқақ болады», – деп айрықша атап өткен болатын. Шын мәнінде, мемлекеттік рәміздер – елдік пен егемендіктің, бірлік пен берекенің, намыс пен рухтың көрінісі. Биыл Абай облысында Мемлекеттік рәміздер күні ерекше маңызға ие. Өздеріңізге белгілі, былтыр 25 қазан – Республика күнінде тұрғындарымыздың игілігіне пайдалануға берілген осы алаңды Республика алаңы деп атадық. Биылғы жыл басы, Наурызнаманың алғашқы күні – 14 наурызда осы жерге алып Туымызды орнаттық. Ел астанасынан шаһарымызға келген әрбір мейманды қарсы алатын көк туымыз мәңгі желбірей берсін!, – деді Берік Уәли.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының қолдауымен басталған «Абайға құрмет» акциясы аясында Семейдегі Бейбітшілік аралында Солтүстік Қазақстан облысының тартуы ретінде Рәміздер алаңының іргетасы қаланып, құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл нысан Абайдың туған күні қарсаңында ашылады деп жоспарланып отыр.
Мерекелік шара барысында жергілікті өнерпаздар патриоттық әндерден концерттік бағдарлама ұсынды.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ



