Абай облысыСемейТОП

Семейдегі Бейбітшілік аралында жаңғырту жұмыстары жүргізілді

Облыс әкімі Берік Уәли Семейдегі Бейбітшілік аралында орналасқан «Өлімнен де күшті» монументі мен оған іргелес аумақты қайта жаңғырту жұмыстарының нәтижесін көрді.

Қайта жаңғырту жұмыстары биылғы 15 сәуірде басталып, 1 маусымда толық аяқталды. Жобаның негізгі мақсаты – тарихи-мәдени нысанның келбетін жаңартып, тұрғындар мен қала қонақтары үшін қолайлы қоғамдық кеңістік қалыптастыру.

Жоба аясында жалпы көлемі 10 мың шаршы метр аумақтағы тас төсемдері толық жаңартылды. Атап айтқанда, аумаққа заманауи Avers үлгісіндегі тақтатастар (брусчатка) төселді. Сонымен қатар «Өлімнен де күшті» монументі мен Бейбітшілік стелласына қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, ұзындығы 300 метр автоматты суару жүйесі орнатылды. Сондай-ақ, сыртқы жарықтандыру тіректері жөнделіп, кабель желілері ауыстырылды. Кешеннің кіреберіс бөлігі қайта жаңартылып, абаттандыру жұмыстары аясында 500 шаршы метрден астам аумаққа гүлзарлар орналастырылды.

Қазіргі уақытта осы аумақта Мемлекет басшысының қолдауымен басталған «Абайға құрмет» акциясы аясында Рәміздер алаңының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр.

Аймақ басшысы жаңа кейіпке енген аумақтарды аралап, атқарылған жұмыстардың сапасына оң баға беріп, нысан қала тұрғындары үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

Бейбітшілік аралындағы «Өлімнен де күшті» монументі – халқымыз бастан өткерген ауыр кезеңдердің және елге жасалған қасіреттің символы. Бұл жерге келген тұрғындар мен қонақтар өткеннен тағылым алып, тынығып, серуендей алады. «Өлімнен де күшті» монументі мен Бейбітшілік стелласының жанынан Рәміздер алаңы салынып жатыр. Әдемі композиция, үш таған болады. Бейбітшілік аралындағы бұл аумақтың ерекшелігі – өзен ортасында орналасқан кең әрі көрікті қоғамдық кеңістік болуы. Мұндай табиғи әрі тарихи маңызы бар орындар елімізде көп емес. Сондықтан бұл жерді сақтап, абаттандыруға ерекше көңіл бөліп жатырмыз. Рәміздер алаңын Абайдың туған күні қарсаңында ашуды жоспарлап отырмыз, – деді Берік Уәли.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button