Индустриялық аймақты кеңейту және жаңа жобалар: Абай облысы экономикасының болашағы
Абай облысында арнайы экономикалық аймақ құрылады

Абай облысының аумағында арнайы экономикалық аймақ құру мәселесі Үкімет тарапынан қолдау тапты.
Аталған мәселе Үкіметте өткен отырыста талқыланып, онда өңірдегі инвестициялық ахуалды жақсарту, жаңа жобаларды тарту және инвестициялық пулды кеңейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар нәтижесі таныстырылды.
Облыста 2025 жылдың басынан бері инвестициялық пулға енгізілген жобалар саны 29-дан 112-ге дейін ұлғайып, инвестициялар көлемі 2,2 трлн теңгеден 4,3 трлн теңгеге жеткен.
Облыс әкімі Берік Уәлидің айтуынша, 2026 жылы жалпы құны 131,2 млрд теңгені құрайтын 41 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Өңірде инвесторлар тарапынан өндірістік нысандар орналастыруға сұраныстың артуына байланысты «Өндіріс» индустриялық аймағының аумағы 96 гектардан 190 гектарға дейін кеңейтілген. Сонымен қатар шағын және орта бизнеске арналған шағын өнеркәсіптік парк құру мүмкіндігі де қарастырылып отыр. Жобаға сәйкес, арнайы экономикалық аймақтың аумағы бастапқы кезеңде 600 гектарды құрап, кейін 1000 гектарға дейін ұлғайтылады.
Арнайы экономикалық аймақтың басым бағыттары ретінде агроөнеркәсіп кешені, логистика, көлік-хаб қызметтері және өңдеу өнеркәсібі айқындалған. Оның аумағында бірқатар ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Талқылау қорытындысы бойынша Премьер-министр мемлекеттік органдарға инвесторлардың қажетті рәсімдерден уақтылы өтуіне жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды.
Semeynews.kz


