Семей

Ардақты ағайын! Қадірлі соғыс және тыл ардагерлері!

Баршаңызды Жеңістің 81 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл күн – Отан үшін от кешкен батырлардың ерлігіне тағзым етіп, бейбіт өмірдің қадірін терең сезінетін ерекше күн. Сұрапыл соғыс жылдарында майдан даласында жан аямай шайқасқан жауынгерлер мен тылда аянбай еңбек еткен азаматтардың қажыр-қайраты мен табандылығы – кейінгі ұрпаққа мәңгілік өнеге.

Ардагерлерге құрмет көрсету тек бір күнмен ғана шектелмейді, олардың ерлігі әрдайым дәріптеледі. Соғыс жылдары алыстаған сайын аталарымыз бен әкелеріміздің даңқты ерлігі жүрегіміздің түбіне терең бойлай түсетіні ақиқат. Бүгінгі бейбіт өмір мен тәуелсіз елдің тұғыры – сол кісілердің өлшеусіз еңбегі мен жанқиярлығының жемісі.

Баршаңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке, елімізге тыныштық пен өсіп-өркендеу тілеймін!

Жеңіс күні құтты болсын!

Ізгі ниетпен,
Семей қаласының әкімі
Әділет Нұрсағатұлы

Осы айдарда

Back to top button