Абай облысыТОП

Абай облысында ардагерлер ұйымының II есеп беру-сайлау конференциясы өтті

Бүгін Семейдегі Әлихан Бөкейхан университетінде Абай облысы ардагерлер ұйымының II есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Шараға облыс әкімі Берік Уәли, «Ардагерлер ұйымы» орталық кеңесі төрағасының орынбасары Абай Тасболатов және облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұратқазы Алин қатысты.

Абай облысының ардагерлер ұйымы – өңірдің қоғамдық-саяси өмірінде ерекше орны бар құрылым. Бүгінде ұйым құрамында 130 мыңнан астам зейнеткерді біріктіретін 395 бастауыш ардагерлер ұйымы, 2 қалалық және 10 аудандық ардагерлер кеңесі жұмыс істейді.

Жиында сөз сөйлеген аймақ басшысы ардагерлердің қоғамдағы рөліне тоқталып, олардың ел бірлігін нығайтудағы және жас ұрпаққа тәлім-тәрбие берудегі еңбегін жоғары бағалады.

Бүгінгі басқосу – асыл құндылықтарды арқау еткен, өмір тәжірибесімен елді ұйыстырып отырған ардагерлеріміздің маңызды жиыны. Абай облысының ардагерлер ұйымы – өңірдің қоғамдық-саяси өмірінде ерекше орны бар, бірлігі бекем, беделі биік құрылым. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ардагерлерге қамқорлықты әрдайым басты назарда ұстап келеді. Президент болып сайланғаннан кейін қол қойған алғашқы құжаттарының бірі – «Ардагерлер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы болды. Бұл заң ардагерлерге және оған теңестірілген азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсетудің ұйымдастырушылық, экономикалық және құқықтық негіздерін айқындап, олардың қоғамдағы мәртебесін нығайта түсті. Сіздер – елдің шежіресі, ұлттың рухани тірегі, тәлім мен тәрбиенің қайнар көзісіздер. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз, ақыл-кеңестеріңіз жас ұрпақ үшін әрдайым бағыт-бағдар бола береді. Алдағы уақытта да ардагерлер ұйымының рөлі арта түсетініне сенімдімін, – деді Берік Уәли.

Шара барысында облыс әкімі өңірдің дамуына үлес қосқан бірнеше ардагерге «Абай облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін табыстады.

Орталық «Ардагерлер ұйымы» орталық кеңесі төрағасының орынбасары Абай Тасболатов ұйым төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетовтың құттықтау хатын оқып, бірқатар конференция қатысушыларына «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің «Құрмет» төсбелгісімен марапаттады.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button