Абай облысыТОП

Абай облысында көктемгі су тасқынына дайындық жоспарлы түрде жүзеге асырылуда

Абай облысында 2026 жылғы көктемгі су тасқыны қаупі бар кезеңге дайындық жоспарлы әрі жүйелі түрде жүргізілуде. Аталған жұмыстар облыс әкімдігі мен Төтенше жағдайлар департаментінің ерекше бақылауында. Бұл туралы Абай облысы ТЖД Төтенше жағдайларды алдын алу басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау капитаны Бауыржан Минашханов мәлімдеді.

Болжамды гидрометеорологиялық жағдайларды ескере отырып, елді мекендер мен тіршілікті қамтамасыз ету нысандарын қорғауға бағытталған алдын алу және инженерлік іс-шаралар кешені жүзеге асырылуда. Инженерлік қорғау жоспары аясында 28 іс-шара орындалды. Бұдан бөлек, жоспардан тыс 33 шақырым қорғаныс бөгеттері жөнделіп, 8 шақырым қорғаныс үйінділері тұрғызылды, 14 шақырымға жуық арық жүйесі тазартылды. Сондай-ақ автомобиль және теміржолдардың астына 25 қосымша су өткізу құрылысы орнатылды.

-Өзен арналарының қауіпті учаскелерінде 21 шақырым жағалау бекітіліп, 8 шақырым арнада түбін тереңдету жұмыстары жүргізілді. Қажетті материалдық-техникалық қор да жасақталған: 12 мың тонна инертті материал, 112 тонна жанар-жағармай және 45 мың дана қап дайындалды.Жедел әрекет ету үшін 1 400-ден астам адам, 550-ден астам техника, 30 жүзу құралы мен 170 су айдау құрылғысынан тұратын күштер мен құралдар тобы әзірленді. Сонымен қатар, «Қазавиақұтқару» АҚ-ның Ми-8 тікұшағы тұрақты дайындықта тұр,- дейді спикер.

Ертіс және Үбі өзендерінде профилактикалық жару жұмыстарын жүргізу үшін учаскелер белгіленіп, гидрологиялық жағдай мен гидротехникалық нысандардың жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізілуде.

– 20 ақпанда аталған өзендерге аэровизуалды тексеру жасалып, қазіргі таңда өзендердің толық мұз жамылғаны және су басу қаупі тіркелмегені анықталды.Облыстың су тасқыны кезеңінен қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуге бағытталған алдын алу шаралары толық көлемде жалғастырылады, – деді Абай облысы ТЖД Төтенше жағдайларды алдын алу басқармасының бас маманы Бауыржан Минашханов.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button