ШҚО

ҚР Ұлттық ұланының әскери дәрігерлері Өскеменде бас қосты

Өскемен қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы өңірлік қолбасшылықтарының медициналық басқарма бастықтары, Ұлттық ұлан академиясы және әскери бөлімдердің медицина қызметтері бастықтарының оқу-әдістемелік жиыны басталды.

Практикалық дайындық 2026 жылғы 17–19 ақпан аралығында 3477 әскери бөлімінің базасында өтуде.

Үш күн бойы қатысушылар жеке құрамды медициналық қамтамасыз етудің негізгі бағыттары бойынша біліктіліктерін жетілдіруде.

Жиынның басты мақсаты — медициналық қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру, дәрігерлік-сараптамалық жұмыстың сапасын арттыру және бөлімшелердегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылауды күшейту. Сонымен қатар, ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының бұйрығына сәйкес тактикалық медицина бойынша практикалық сабақтарға ерекше назар аударылды. Теориялық және практикалық сабақтар барысында шұғыл медициналық көмекті ҚОСЫМ стандартына (біздің жағдайға бейімделген MARCH PAUS алгоритмі) сәйкес көрсету мәселелері пысықталды.

Бағдарлама аясында мамандар офицерлерді, келісімшарт бойынша және мерзімді әскери қызметшілерді медициналық тексеруден өткізу мен диспансерлік бақылауды ұйымдастыру мәселелерін жан-жақты қарастырды. Жарақаттардан, пневмониядан және жұқпалы аурулардан кейінгі бақылау алгоритмдеріне, сондай-ақ қауіп факторларын ерте анықтау мен асқынулардың алдын алуға айрықша мән берілді.

Әскери-дәрігерлік комиссияны өткізу тәртібі де жеке бөлім ретінде зерделенді. Онда медициналық құжаттарды рәсімдеудің практикалық қырлары мен сараптамалық шешімдер қабылдау тетіктері қамтылды.

Практикалық дайындықтың бір бөлігі 5518 әскери бөлімінің базасында ұйымдастырылды. Мұнда эпидемиологиялық маңызы бар нысандарға медициналық бақылау жүргізу тақырыбында көрсетілімдік сабақ өтті.

Жұмыс асхана, азық-түлік қоймасы, казармалар, монша-кір жуу кешені, лазарет және автопарк аумақтарында жүргізілді. Қатысушылар санитариялық талаптардың сақталуын, профилактикалық іс-шаралардың ұйымдастырылуын және нысандардың жұқпалы аурулардың таралуының алдын алуға дайындығын бағалады.

ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшылығы әскери-медициналық басқармасының бастығы, медициналық қызмет полковнигі Адилхан Темешбаевич Нұрғалиев жиынның практикалық бағыттылығының маңызын атап өтті:

— Бүгінде әскери-медициналық қызметтің алдында тек сапалы ем көрсету ғана емес, аурулардың жүйелі профилактикасын қамтамасыз ету, қауіптерді ерте анықтау және қатаң санитариялық бақылау жүргізу міндеті тұр. Практикалық сабақтар бірыңғай тәсілдерді қалыптастырып, мамандардың кәсіби деңгейін арттыруға және әскери қызметшілеріміздің денсаулығын сенімді қорғауға мүмкіндік береді, — деді Адилхан Нұрғалиев.

Үш күндік жұмыстың қорытындысы бойынша медициналық қамтамасыз етуді одан әрі жетілдіру, диспансерлік бақылауды күшейту және Ұлттық ұлан бөлімшелеріндегі санитариялық-эпидемиологиялық іс-шаралардың тиімділігін арттыру жөнінде ұсынымдар әзірленеді.

ҚР ҰҰ «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі.

Осы айдарда

Back to top button