Абай облысында «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында экоакция басталды

Абай облысында «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында экологиялық акция өз жұмысын бастады. Іс-шара Семей қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және қалдықтарды бөлек жинауды дамытуға бағытталған.
Экоакция аясында Семей қаласында қайталама шикізатты қабылдауға арналған арнайы аймақ, эко-жәрмеңке ұйымдастырылды. Қала тұрғындары қайта өңдеуге жарамды әртүрлі қалдықтарды тапсырып, қоршаған ортаны қорғауға жеке үлестерін қосу мүмкіндігіне ие болды.
Акция барысында макулатура (жазу қағаздары, дәптерлер, кітаптар, журналдар), картон бұйымдары, қораптар қабылданды. Сонымен қатар пластик бұйымдар – сусындарға арналған бөтелкелер, тұрмыстық химия мен косметикалық құралдардың құтылары, сондай-ақ көкөніс пен жеміс-жидек салынатын пластик жәшіктер қабылданды. Қабылдау барысында майлы ластанулар мен тағам қалдықтарының болмауы міндетті талап ретінде белгіленді.
Бұдан бөлек, алаңда алюминий және консерві банкілері, электрондық қалдықтар (электр желісінен жұмыс істейтін тұрмыстық техника мен құрылғылар), сынап құрамды қалдықтар, оның ішінде энергия үнемдейтін шамдар мен сынапты термометрлер, пайдаланылған батарейкалар, сондай-ақ полиэтилен қаптамалардың әртүрлі түрлері – тығыз пакеттер, стрейч-пленка және жеткізу қызметтерінің қаптамалары қабылданды.



