Шәкәрім университетінде жас сарбаздарды әскерге шығарып салу рәсімі өтті

Семей қаласындағы Шәкәрім университетінде Абай облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаментімен бірлесе отырып, жас сарбаздарды әскер қатарына шығарып салу рәсімі өтті.
Салтанатты шараға Абай облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Руслан Омаров, Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков, ардагерлер, студенттер мен жас сарбаздардың ата-аналары қатысты.
Шара барысында 30-ға жуық жас сарбаз Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне аттанды. Оларға ізгі тілектер мен ақ баталар айтылып, әскери өмірдің жауапкершілігі мен маңыздылығы туралы тебірентерлік сөздер жеткізілді.
Университет ректоры Думан Орынбеков өз сөзінде:
— Бұл – әр азаматтың қасиетті борышы. Бүгінгі жас сарбаздар – ел болашағының кепілі. Сіздерге Отан алдындағы қызметте сәттілік пен абырой тілейміз.
Абай облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Руслан Омаров жас сарбаздарға әскери тәртіпті қатаң ұстанып, ел намысын биік ұстауға шақырды. Ардагерлер де өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, сарбаздарға баталарын берді.
Мұндай шаралар жастардың патриоттық рухын көтеріп, Отан алдындағы борышқа деген жауапкершілікті терең сезінуге сеп болады.
Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі