ШҚО-да колледждерге тапсыру механизмінің ерекшеліктері белгілі болды
Шығыс Қазақстанда колледждерге оқуға тапсыруға ниет білдірген абитуриенттерді биылғы жылы өзгерістер күтуде. Техникалық және кәсіптік оқу орындарына оқуға тапсыруда бірқатар жаңашылдықтар енгізілген, деп хабарлайды Semey News.
Бұл туралы толығырақ пресс-конференция барысында ШҚО Білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Гульмира Искакова мәлімет берді. Оның айтуынша, бұрын комиссия мемлекеттік тапсырыстар бойынша колледждерден орын іздесе, биылғы жылы «Студент үшін ақша» жобасы іске асырылады. Абитуриент білім алу үшін таңдаған колледжге мемлекеттік тапсырыс бойынша қаражат жолданады.
Техникалық және кәсіптік білім ұйымдарында жұмысшы кәсіптері бойынша мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алуға оқуға қабылдау өтініш арқылы жүзеге асырылады. Яғни тікелей колледжге немесе egov.kz. платформасы арқылы құжат тапсыруға болады.
Қолданбалы бакалаврдың орта буындағы мамандықтары бойынша колледждерге оқуға тапсыру тұлғаның өтініші бойынша конкурстық негізде жүзеге асырылады.
Жұмысшы мамандықтары бойынша колледждерде білім алуға өтініштер 25 маусымнан 25 тамыз аралығында, кешкілік оқу формасы бойынша – 25 маусымнан 20 қыркүйекке дейін қабылданады. Мемлекеттік тапсырыс бойынша орта буын мамандықтары бойынша күндізгі оқу бөліміне құжаттар орта білім базасында 25 маусымнан 18 тамызға дейін, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейін – 25 маусымнан 20 тамыз аралығында қабылданады.
Ақылы білім алуға ниет білдірген абитуриенттер 25 маусымнан 25 тамызға дейінгі аралықта, кешкілік және сырттай оқу бөлімдеріне 25 маусымнан 20 қыркүйекке дейін құжат тапсыра алады. Педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша – 25 маусымнан 15 тамызға дейін.
Мемлекеттік тілде білім алуға ниет білдірген абитуриенттер Білім басқармасының ақпараттық жүйесі арқылы кәсіптік диагностикадан өтулері қажет. Нәтижесі бойынша мамандық таңдау бойынша ұсыныстар және ұсынылған мамандықтар бойынша кәсіптік карта беріледі.
Тағы бір жаңашылдықтардың бірі қабылдау емтихандарының болмауы. Тек, педагогикалық, медициналық және шығармашылық мамандықтары бойынша мемлекеттік тапсырыс бойынша оқуға тапсыратын балалар арнайы және шығармашылық емтихандарын тапсыруға жолданады.
Сонымен қатар, бұрын абитуриент конкурсқа қатысу өтінішін беруде ол бір колледжді және бір мамандықты ғана таңдаса, енді ол төрт колледжді және төрт мамандықты, кәсіпті таңдауға құқылы.
Конкурстың өзі Білім басқармасының ақпараттық жүйесінде жүргізіледі, абитуриенттерді аттестаттарындағы міндетті және бейінді пәндердің орта конкурстық балын бағалау жолымен автоматты түрде бөледі.
- Тоғызыншы сынып базасында оқуға тапсырушылардың орта балы қазақ немесе орыс тілдері, мамандық бейіні бойынша екі пәннің бағаларынан құралады. 11-сынып базасында – қазақ тілі немесе орыс тілі, Қазақстан тарихы және мамандық бейіні бойынша екі пәннен құралады. Педагогикалық, медициналық және шығармашылық мамандықтарына тапсырушылар үшін – бұл бағаларға қосымша арнайы емтихан балы қосылады, – деп атап өтті Гульмира Искакова.
Егер абитуриент колледжге оқуға тапсыруға ниет білдірсе, онда ол www.egov.kz сайтының «Білім» бөліміне кіріп, колледжге тапсыруға тапсырыс беруі керек немесе vko-abiturient.kz сайтына кіріп өтініш беруіне болады. Абитуриент құжат қабылдаған өтінішті, білімі туралы құжаттардың түпнұсқаларын, 3х4 фотосуретін, медициналық анықтаманы ұсынуы қажет. Шетелдіктер және азаматтығы жоқ тұлғаларда мәртебесін анықтайтын, тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелу белгісі бар құжаттарды тапсырады.
Колледждердің күндізгі оқу бөліміне қабылдау 31 тамызға дейін, ал кешкілік оқу бөліміне 30 қыркүйекке дейін жүргізіледі.
Жалпы алғанда, биылғы жылы мемлекеттік тапсырыс бойынша жергілікті бюджеттен алты мыңнан астам орынға, соның ішінде орта буын мамандықтарына – төрт мыңнан астам орын, ал жұмысшы мамандықтарына – екі мыңнан астам орын бөлінді.
Барлық қажетті ақпарат ШҚО Білім басқармасының сайтында орналастырылған.
Semey News